2025 жылғы 16 маусымда Жайылмалы миастения гравис (ЖМГ) ауруын емдеуде жекелендірілген тәсілді талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға жетекші неврология мамандары мен практикалық денсаулық сақтау саласының дәрігерлері қатысты.
Жайылмалы миастения гравис — жүйке-бұлшықет импульсінің берілуінің бұзылуымен және бұлшықет әлсіздігімен сипатталатын сирек кездесетін аутоиммунды ауру. Ерте диагноз қойылып, дұрыс ем тағайындалған жағдайда науқастар ұзақ ремиссияға қол жеткізіп, өмір сапасын жоғары деңгейде сақтай алады. Алайда нақты тәжірибеде дәрігерлер жиі диагноз қоюда, ауру ауырлығын анықтауда және тиімді әрі қолжетімді терапияны таңдауда, әсіресе резистентті түрлерінде қиындықтарға тап болады.
Дөңгелек үстел аясында талқыланған негізгі мәселелерге Жайылмалы миастения гравис ауруын емдеудегі заманауи клиникалық тәсілдер, стандартты және нысаналы препараттарды қолдану, иммуносупрессивті терапия, көктамырішілік иммуноглобулин (ИВИТ), плазмаферез (ПП) және жаңа биологиялық препараттарды пайдалану, бірінші және екінші кезектегі терапияны таңдаудың критерийлері, рефрактерлі түрлерді емдеу тәсілдері, науқастың клиникалық бейініне негізделген жекелендірілген ем, терапияның науқастың өмір сапасы мен әлеуметтік бейімделуіне әсері, сондай-ақ емдеу және бақылау барысындағы мультидисциплинарлық өзара әрекеттестік мәселелері кірді.
«Бүгінгі кездесу — клиникалық тәжірибе, ғылыми деректер және науқастардың нақты қажеттіліктерін біріктіруге бағытталған әрекет. Терапияны таңдау мәселесі стандарттардан әлдеқайда ауқымды: біз әр науқастың ерекшелігін ескеретін тәсіл туралы айтып отырмыз», — деп атап өтті медицина ғылымдарының кандидаты, АҚ «ОҚМА» неврология, психиатрия, реабилитология және нейрохирургия кафедрасының профессоры Жарқынбекова Н.А.
Дөңгелек үстелде сондай-ақ миастенияны емдеуде моноклоналды антиденелерді қолдану бойынша жаңа деректер ұсынылып, комплемент ингибиторларын қолдану перспективалары және Қазақстан аумағында инновациялық препараттардың қолжетімділігіне қатысты мәселелер талқыланды.
Қатысушылар науқастарды бастапқы диагностикадан бастап ем тағайындауға дейінгі маршрутизация мәселесіне, сондай-ақ жалпы практика дәрігерлері мен невропатологтардың арасында ауру туралы хабардарлықты арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударды.
«Көп жағдайда науқастар дұрыс диагноз қойылғанға дейін жылдар бойы маманнан маманға барады. Бұл — өте құнды уақыттың жоғалуы. Біздің міндетіміз — әрбір науқас мүмкіндігінше ерте көмек алатындай жүйе құру», — деп түйіндеді профессор Жарқынбекова Н.А.
Дөңгелек үстел тәжірибе алмасуға, ЖМГ бар науқастарды жүргізу бойынша бірыңғай тәсілдерді әзірлеуге және заманауи терапияға қолжетімділікті арттыру жолдарын талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Кездесу қорытындысы бойынша бірлескен сараптамалық қорытынды дайындау және сирек кездесетін неврологиялық аурулар бойынша мамандардың тұрақты жұмыс кездесулерін өткізу туралы шешім қабылданды.