Көктемгі семестрде «Фармация» білім беру бағдарламасының докторанттары Үндістанның Ути қаласындағы JSS College of Pharmacy жоғары оқу орнында халықаралық ғылыми тағылымдамадан сәтті өтті. Бұл оқу орны Майсур қаласындағы JSS Academy of Higher Education & Research (JSS AHER) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
Тағылымдама аясында қатысушылар колледждің инфрақұрылымымен және ғылыми-зерттеу зертханаларымен танысты, пәнаралық ғылыми орталықтарға, дәрілік заттардың сапасын бақылау орталығына және орталық кітапханаға барды. Сонымен қатар, колледж әкімшілігімен, соның ішінде JSS College of Pharmacy директоры профессор Данабалмен жұмыс кездесулері өтті.
Бағдарламаның ғылыми бөлігі докторанттардың диссертациялық жұмыстарының тақырыптары бойынша зерттеулер жүргізуді қамтыды. Көптеген зертханалық тәжірибелер, биологиялық белсенділікті талдау және зерттелетін үлгілердің молекулалық модельдеуі орындалды. Эксперимент нәтижелері алдағы ғылыми жарияланымдар мен зерттеулердің негізі болады. Зерттеулер халықаралық GLP стандарттары мен ДДҰ ұсынымдарына сәйкес жүргізілді.
Докторанттар жоғары тиімді жұқа қабатты хроматографиялық анализатор (HPTLC), инфрақызыл спектрофотометр, UV-Vis спектрофотометр сияқты құралдармен жұмыс істеу принциптерін меңгерді, сондай-ақ фитошикізатты сапалық және сандық бағалауға арналған заманауи аналитикалық жабдықтарды қолданды. Әсіресе градиентті элюирлеу әдісімен флэш-хроматографияны оқып-үйрену ерекше атап өтуге тұрарлық. Докторанттар өсімдік экстрактыларын фракциялаудың толық циклін — градиентті баптаудан бастап жекелеген фракцияларды жинау мен концентрлеуге дейін — сәтті меңгерді. Дайындық нәтижелері бойынша қатысушылар флэш-хроматография әдісін іс жүзінде меңгергенін растайтын Үндістан Республикасының мемлекеттік үлгідегі ресми сертификатын алды.
Сондай-ақ молекулалық модельдеудің кәсіби бағдарламалық қамтамасыз ету көмегімен (Schrödinger Maestro, LigPrep, Glide, MM-GBSA) принциптері оқытылды. Докторанттар ақуыз құрылымдарын даярлау, белсенді заттармен өзара әрекеттесуін модельдеу, энергетикалық оңтайландыру жүргізу және нәтижелерді молекулааралық өзара байланыс деңгейінде интерпретациялау дағдыларын меңгерді.
Ерекше маңызды оқиға ретінде фармакология кафедрасы ұйымдастырған екі күндік ұлттық конференцияға — “Two Days National Conference on ‘Current Perspectives of 4Rs in Alternatives to Animal Testing’” — қатысуды атап өтуге болады. Конференцияға Үндістанның түрлі өңірлерінен және шетелден келген ғалымдар, докторанттар мен зерттеушілер қатысты. Бұл іс-шара тәжірибе алмасуға, биомедициналық зерттеулерде зертханалық жануарларды алмастыру мен олардың санын азайтуға бағытталған заманауи тәсілдерді талқылауға мүмкіндік берді.
Ғылыми міндеттерден бөлек, тағылымдама қатысушылары мәдени бағдарламаға да белсене қатысты. ОҚМА делегациясы жыл сайын раушан гүлдерінің көрмесі өтетін әйгілі Ооти раушан бақшасына (Rose Garden) және Үндістандағы ең көне ботаникалық мекемелердің бірі болып саналатын Botanical Garden Ooty-ге барды. Бұл бақта мыңнан астам өсімдік түрі өседі. Осындай сапарлар қатысушыларға аймақтың флорасымен және үнді табиғатымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, Утакаманд (Ооти) қаласының тарихи-мәдени көрнекі орындарына экскурсиялар ұйымдастырылды. Олардың қатарына сәулет ескерткіштері, храмдар және британдық кезеңнен сақталған колониялық ғимараттар кірді. Аймақтың мәдени мұрасымен осындай таныстық тағылымдама бағдарламасын шын мәнінде мазмұнды және жан-жақты етті, қатысушыларға ұмытылмас әсер қалдырды.
Тағы бір ерекше оқиға — тағылымдама қатысушыларының JSS Academy of Higher Education & Research (JSS AHER) бас университеті орналасқан Майсур қаласына сапары болды. Қатысушылар университеттің ғылыми әлеуетімен, заманауи зертханаларымен және білім беру жүйесімен танысты.
Халықаралық ғылыми тағылымдама — біздің академиялық және кәсіби даму жолымыздағы маңызды кезеңге айналды. Бұл — жоғары технологиялық базада зертханалық зерттеулер жүргізу бойынша баға жетпес тәжірибе ғана емес, сонымен қатар Үндістандағы әріптестерімізбен ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері.
Біз халықаралық тағылымдама мүмкіндігін ұсынған Академия басшылығына, сондай-ақ қабылдаушы тарап — доктор Шанмугам Рамасвами мен JSS College of Pharmacy ұжымына көрсеткен қолдауы, тәлімгерлігі және шабыттандырғаны үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз.