«Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы» АҚ мен И.М. Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу мемлекеттік медицина университеті (Сеченов университеті) арасындағы Меморандумды жүзеге асыру аясында Академияның фармация факультеті студенттері «Дәрілік заттардың сапасын бақылау және стандарттау» өндірістік тәжірибесін сәтті аяқтады.
Өндірістік тәжірибе Сеченов университетінің жетекші бөлімшелерінің бірі - А.П. Нелюбин атындағы Фармация институтының базасында өтті. Бұл институт фармацевтикалық кадрларды жоғары деңгейде даярлау бойынша көп жылдық тәжірибесі бар жоғары оқу орны болып табылады. Екі апта бойы 4 курс студенттері - Кален Тимур, Нұралы Рахат, Баймырзаева Айгерім, Керімқұл Жансая, Ақбердиева Ұлжан дәрілік заттардың сапасын бақылау және стандарттау саласындағы білімдері мен практикалық дағдыларын тереңдетіп бекітуге мүмкіндік алды.
Болашақ фармацевттер зертханалық жұмыстарға белсенді қатысып, дәрілік заттардың сапасын бақылаудың заманауи әдістерін, нормативтік құжаттармен жұмыс жасауды тереңдетіп меңгеріп, сондай-ақ фармацевтикалық өндірістің озық технологияларымен танысты. Тәжірибе барысында студенттерге А.П. Арзамасцев атындағы фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының тәжірибелі оқытушылары мен мамандары жетекшілік етті. Олар әр студентке жеке тәсіл қолдануға ерекше көңіл бөлді.
«Фармацевтикалық зерттеулер зертханасы» ЖШҚ базасында тәжірибе өтіп жатқан студенттер «Дәрілік заттардың биоэквиваленттілігін зерттеу» тақырыбындағы мастер класқа қатысып, дәрілік заттардың өмірлік циклының әртүрлі сатыларындағы ерігіштіктің салыстырмалы кинетикасы бойынша тесттер жүргізіп, практикалық тапсырмаларды орындады. Жұмыс барысында студенттер еріткіш ортасын, температураны, араластыру жылдамдығын, ортаның көлемін анықтау және еріту аппаратының түрін (мысалы, себет, қалақша) таңдау бойынша сынақтар жүргізуді, сынама алу уақытының нүктелерін анықтауды, алынатын үлгілердің қажетті санын қамтамасыз ететін статистикалық есептеуді үйренді.
Фармацевтикалық аналитика орталығының сынақ зертханасы базасында студенттер автоматтандырылған дозаторлармен, басқа да өлшеуіш құрылғылар және А класқа жататын химиялық ыдыстармен жұмыс істеу дағдыларын бекітті. Ол мекемедегі орындаған жеке тапсырмалар стандартты үлгілер ерітінділерін дайындау және алынған ерітінділердің концентрацияларын есептеуден тұрды. Сондай-ақ орталықтың құрылымы, практикалық және ғылыми-зерттеу қызметімен танысып, дәрілік заттардың биоэквиваленттілігі мен клиникалық зерттеулер анықтауында сұйықтықтық хроматография мен иммуноферменттік талдауды қолдану бойынша мастер-класстар тыңдады.
Бағдарламаның теориялық блогын Сеченов университетінің жетекші оқытушылары және дәрілік заттардың айналымы саласындағы тәжірибелік мамандары өткізген мастер-класс, тренингтер мен дәрістерді қамтыды. Олардың ішінде: «Дәрілік заттардың функционалдық талдауы», «Жедел улануды диагностикалаудағы химия-токсикологиялық талдау», «Бас редактор көзімен биомедициналық мақала», «Фармацевт дипломымен: ғылым, білім және бизнесте», «Дәрілік заттардың айналымы саласындағы мемлекеттік бақылау-рұқсат беру жүйесі», «Дәрілік заттарды әзірлеудің заманауи аспектілері. РФ XV басылымының Мемлекеттік Фармакопеясы», «Дәрілік заттардың биоэквиваленттілігін зерттеу», «Биологиялық дәрілік препараттар» тақырыптары болды.
Өндірістік тәжірибе нәтижелері студенттердің практикалық дағдыларын тексеру, ситуациялық тапсырмаларды шешу және компьютерлік тестілеу негізінде қорытындыланды. Студенттер дәрілік заттардың сапасын бақылаудың химиялық және физика-химиялық әдістерін қоса алғанда, терең теориялық білімдері мен сенімді практикалық дағдыларын көрсетті.
Осылайша, «Дәрілік заттардың сапасын бақылау және стандарттау» өндірістік тәжірибесінің бағдарламасы студенттер тарапынан толық көлемде орындалды. Тәжірибе студенттердің теориялық білімдерін бекітуге және дәрілік заттардың фармацевтикалық талдауында қажетті практикалық дағдыларын шыңдауға мүмкіндік берді, бұл болашақ фармацевт-аналитиктің кәсіби міндеттерін табысты орындау үшін аса маңызды болып табылады.
Тәжірибе барысында студенттер Мәскеудің басты көрікті жерлерімен де танысты. Дәстүрлі мәдени бағдарлама қазақтың ұлы ойшылы әрі ақыны Абай Құнанбаевтың ескерткішінен басталды. Бұл орын халықтар арасындағы рухани бірліктің, өзара құрмет пен мәдени диалогтың символына айналған жер. Студенттердің мәдени-ағартушылық сапары осы жерден бастау алды.
Содан кейін бағдарлама Мәскеудің ең көне көшелерінің бірі – Арбатпен серуендеуді қамтыды. Бұл көше қаланың тарихи және шығармашылық атмосферасын толық сезінуге мүмкіндік берді. Қызыл алаң, Василий Блаженный соборы, Александр бағы, Ленин мавзолейі – Ресей тарихының осы нысандары студенттерге терең әсер қалдырды. Сонымен қатар, студенттер Третьяков галереясы, Мемлекеттік тарихи мұражай, Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі сияқты мұражайлар мен галереяларға барып келді.
Қабылдаушы тараптың бізді жылы қабылдауы, практиканы жоғары деңгейде ұйымдастыруы, әрбір қатысушыға мұқият көңіл бөлуі мен мазмұнды білім беру бағдарламасы үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Заманауи зертханаларда жұмыс істеу, ғылыми пікірталастарға қатысу, фармация саласындағы жетекші мамандармен кездесу – мұның бәрі әрбіріміздің кәсіби әрі тұлғалық дамуымызға айрықша әсер етті.
Ресейдің жетекші университетінде өткен өндірістік тәжірибе ОҚМА студенттері үшін кәсіби қалыптасудың маңызды кезеңі ғана емес, сондай-ақ құнды халықаралық тәжірибе болды. Мұндай бастамалар жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайтуға және болашақ мамандардың кәсіби дайындығының көкжиегін кеңейтуге ықпал етеді.
Фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасы ұжымы мен студенттер тобының атынан Институт директоры, профессор Г.В. Раменская ханымға және Халықаралық стратегиялық орталығының қызметкері Л.Н. Вихрова ханымға Сеченов университеті сияқты әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірінде өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігі үшін шынайы алғысымызды білдіреміз.
Фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының ұжымы Академия басшылығына QS World University Rankings 2025 рейтингісінде «Фармация және фармакология» бағыты бойынша топ-150 қатарына кіретін жетекші университеттердің бірінде өндірістік тәжірибе өтуге мүмкіндік бергені үшін алғысын білдіреді.