
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасында «Абай коды: Ақыл. Жүрек. Қайрат» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Іс-шараның мақсаты – Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын насихаттау, оның «Ақыл, Жүрек, Қайрат» ілімін қазіргі өмірмен байланыстыра отырып, қатысушылардың тұлғалық дамуы мен адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру. Семинар барысында Абайдың қара сөздері мен өлеңдеріндегі негізгі идеялар талданып, әсіресе 17-қара сөзіндегі «Ақыл, Жүрек, Қайрат» туралы ойлар кеңінен қарастырылды. Қатысушылар ақыл, жүрек және қайрат ұғымдарының адам өміріндегі рөлі жөнінде пікір алмасты. Тренинг аясында топтық жұмыстар ұйымдастырылып, практикалық тапсырмалар орындалды. Қатысушылар өз бойындағы қасиеттерді саралап, өзін-өзі тануға бағытталған жұмыстар жүргізді. Іс-шара соңында рефлексия өткізіліп, қатысушылар семинардан алған әсерлерімен бөлісті. Аталған семинар-тренинг жастардың рухани дамуына, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және Абай ілімін терең түсінуге бағытталған маңызды іс-шара болды.