
Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында адалдық және әділдік құндылықтарын насихаттауға арналған «Брейн-ринг» интеллектуалды ойыны ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты кәсіби ортада адалдық, әділдік және ашықтық қағидаттарын нығайту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәдениетін қалыптастыру болды. Интеллектуалды сайысты академияның комплаенс-офицері Нұрғали Әлиханұлы ұйымдастырды.

Брейн-рингке 6 команда қатысып, олар білімдері мен шапшаңдықтарын үш кезең бойынша сынады. Ойынға академияның академиялық жұмыстар жөніндегі проректоры Анартаева Мария Ұласбекқызы, оқу-әдістемелік бөлім басшысы Долтаева Бибігүл Зайдуллақызы және тіркеу бөлімінің басшысы Сыздықова Сәулет Ақмырзақызы төрелік етті.
Сайыс нәтижесінде академия жанындағы медицина колледжі қызметкерлерінен құралған «Сенім» командасы І орынды жеңіп алды. Фармация факультетінің қызметкерлерінен жасақталған «Adal Pharma» командасы ІІ орынды, ал әкімшілік құрамның «Әлихан Бөкейханов» командасы ІІІ орынды иеленді.
Жеңімпаздарға арнайы сый-сияпаттар табысталып, барлық қатысушы командалар Алғыс хаттармен марапатталды.