Войти
Басты бет Академия жаңалықтары «Халықты отандық дәрі-дәрмекпе...
27 қараша 2025
1
0
0

«Халықты отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету – стратегиялық маңызы бар міндет»

Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы мен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы бірлесіп, аталмыш оқу орнында «Халықты отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету – стратегиялық маңызы бар міндет» атты тақырыпта кең ауқымды іс-шара өткізді. Фармацевтика саласының мамандары мен өндірістік кәсіпорындардың жетекшілері қатысқан жиында Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында айтылған отандық фармацевтика өндірісін дамыту және инновацияларды қолдау бағыттары жан-жақты талқыланды.
Айта кетейік, қазір қалада Президент Жолдауын түсіндіру және талқылау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қала әкімінің орынбасары С. Құранбек бекіткен арнайы кестеге сәйкес кездесулер өтуде. Солардың бірі ретінде ұйымдастырылған бүгінгі іс-шараны Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Сәлім Ербол Қалтұрсынұлы ашып, қатысушыларды таныстырып өтті.
Жиында Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының медициналық ұйымдарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Кемал Нияз медициналық мекемелерді дәрілік заттармен үздіксіз қамтамасыз ету жайлы баяндама жасады. Кемал Айдарұлы өз сөзінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар саласындағы отандық тауар өндірушілерді қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін айтты. Сонымен қатар, мұның халықты қолжетімді әрі сапалы өніммен қамтамасыз етуге және денсаулық сақтау жүйесінде импортты алмастыруға мүмкіндік беретінін жеткізді. 
Қазіргі таңда қалада фармацевтика саласында жұмыс істейтін 17 кәсіпорын бар. Олардың ішінде ірі өндіріс ошақтары – «Химфарм» АҚ-ы мен «ЭкоФарм Интернейшнл» ЖШС-і. 
Іс-шарада «Химфарм» АҚ-ның өндіріс және инвестициялық жобалар жөніндегі директоры Сефи Караев фармацевтика саласына инвестиция тартудың өзектілігін атап өтті. ХимФарм АҚ ағымдағы жылдың 9 айында 54,7 млрд теңгенің фармацевтикалық препараттарын өндірді.
«ЭкоФарм Интернейшнл» ЖШС-нің басқарушы директоры Асхат Ахметов ECOPHARM компаниялар тобының жұмысына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында бес ірі өндірістік нысан іске қосылып, жалпы құны 30 млн АҚШ долларын (16 млрд теңге) құрайтын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Нәтижесінде, 500 жаңа жұмыс орны ашылып, 5000-нан астам медициналық бұйым түрі өндірілуде.
Мәселен, «ЭКО-ФАРМ» ЖШС-і медициналық персонал мен пациенттерге арналған қорғаныш киімдері мен маскалардың 61 түрін шығарады. «ЭкоФарм Интернейшнл» ЖШС-і 460-тан астам медициналық бұйым өндіреді. Сонымен қатар, ғылыми зерттеулер негізінде қой мен жылқы қаны, жылқы сарысуы, құрғақ қан және басқа да биологиялық өнімдерді өндіретін «Дарын-2030» ЖШС-і құрылды. «GreenCrossEco» ЖШС-і қант диабетімен ауыратындарға арналған 8 түрлі инсулин инесі мен вирустарды анықтауға арналған 12 түрлі ИФА-набор жасайды. Ал, «Marai E7 Group» ЖШС-і 5 түрлі полиуретанды бинт, 14 түрлі полиуретанды шина, 3 түрлі гипс бинті мен 1000-нан астам остеосинтезге арналған импланттарды өндіреді. Барлық өндірістік нысандар ISO 13485 халықаралық стандартына сай сертификатталған.
Іс-шара соңында фармация факультеті деканының орынбасары Раушан Қозыкеева қорытынды сөз сөйлеп, бүгінде академия білім алушылары 16 өндірістік базаға барып, оқу-өндірістік тәжірибеден өтетінін атап өтті. Сондай-ақ, Раушан Айдарбекқызы Президент Жолдауында айтылған бағыттардың отандық дәрі-дәрмек өндірісін дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді.

Пікірлер орны (0)