
2026 жылдың 24 ақпанында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы бас ғимаратында Неврология бойынша II Халықаралық кафедрааралық онлайн-мектеп өтті. Іс-шара «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ мен Астрахан мемлекеттік медицина университеті ынтымақтастығы аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараға Қазақстан мен Ресей Федерациясының медициналық жоғары оқу орындарының оқытушылары, практик дәрігерлері, резиденттері мен ординаторлары қатысты. Тікелей эфир форматындағы онлайн-кездесу аудитория ауқымын кеңейтіп, екі ел мамандары мен білім алушыларының белсенді қатысуына мүмкіндік берді.
Онлайн-мектептің мақсаты заманауи неврологияның өзекті мәселелерін талқылау, клиникалық және ғылыми тәжірибе алмасу, сондай-ақ бейінді кафедралар арасындағы халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайту болды.
Ғылыми бағдарлама аясында жүйке жүйесінің тұқым қуалайтын және жүре пайда болған ауруларын диагностикалау мен емдеудің өзекті мәселелеріне арналған баяндамалар ұсынылды:
• Қазақстандағы тұқым қуалайтын хорея мен спиноцеребеллярлық атаксия жағдайларына молекулалық-генетикалық талдау — Сержан Жанадилов, неврология мамандығы бойынша 1-жыл резиденті, Неврология, психиатрия, реабилитология және нейрохирургия кафедрасы, ОҚМА (Шымкент);
• Энцефалотригеминалдық ангиоматоз. Неврологиялық асқынулар — Динара Ахмедова, 2-жыл ординаторы, Неврология және нейрохирургия кафедрасы (Астрахань);
• MELAS-синдромы: инсульттәрізді эпизодтармен өтетін митохондриялық энцефаломиопатияның клиникалық жағдайы — Дархан Акжол, 1-жыл неврология резиденті, ОҚМА;
• ЖИТС кезіндегі жүйке жүйесінің зақымдану ерекшеліктері. Клиникалық мысалдар — Амуланга Арангаевна Басанговa, 2-жыл ординаторы (Астрахань).
Жас мамандардың клиникалық бақылаулары мен ғылыми зерттеу нәтижелеріне ерекше назар аударылды. Баяндамалардан кейін сирек және тұқым қуалайтын неврологиялық ауруларды диагностикалаудың заманауи тәсілдері, пәнаралық өзара іс-қимыл мәселелері және бірлескен зерттеулердің болашағы талқыланған кәсіби пікірталас өтті.
II Халықаралық кафедрааралық онлайн-мектеп кәсіби диалог алаңына айналып, жас мамандардың біліктілігін арттыруға және Қазақстан мен Ресей медициналық жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтуға елеулі үлес қосты.
Онлайн-мектеп модераторларына — Жужуна Мурмановна Цоцонава мен Владимир Викторович Белопасовқа — кәсіби модерациясы, сараптамалық сүйемелдеудің жоғары ғылыми деңгейі және неврология саласындағы халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға қосқан зор үлесі үшін ерекше алғыс білдіреміз.