
2026 жылдың 23 ақпан күні «Ішкі аурулар пропедевтикасы» кафедрасының ПОҚ құрамы ұйымдастыруымен «Қайырымдылық-жылы жүректен» іс-шарасы өткізілді. Іс-шараға жергілікті және алыс шетел тәлімгерлік топтары қатысты. Іс-шараның мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсету, қоғамда мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын дәріптеу болды.
Шара аясында алдын ала анықталған екі отбасыға қажетті азық-түлік өнімдері (ұн, ет, күріш, қант, май, макарон өнімдері және басқа да тұрмысқа қажетті тауарлар) жеткізіліп берілді.
Қайырымдылық шарасына кафедраның профессор-оқытушылар құрамы белсенді атсалысып, студенттер де ұйымшылдық танытты. Болашақ дәрігерлер үшін мұндай іс-шаралар кәсіби біліммен қатар адамгершілік, жауапкершілік және қамқорлық сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастыруға үлкен ықпал етеді.
Көмек алған көпбалалы аналар кафедра ұжымына және студенттерге шынайы алғыстарын білдіріп, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Олар көрсетілген қолдаудың өздері үшін аса маңызды екенін айтып, болашақ ақ халатты абзал жандарға ақ жол, толағай табыс тіледі.