
2025 жылғы 11–12 желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырған Қазақстан жас ғалымдарының II халықаралық конгресі өтті. Академия басшылығының қолдауымен Конгресс аясында ұйымдастырылған ғылыми жобалар көрмесіне Жобаларды басқару және коммерцияландыру офисінің менеджері Полат Разия қатысып, Академия атынан ғылыми әзірлемелерді таныстырды. Көрмеде Академияның Фармация ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеген өнімдер мен жобалар, сондай-ақ бірқатар стартап бастамаларының нәтижелері ұсынылды. Атап айтқанда, орталықта дайындалған «Гепатопротекторлық» және «Гипогликемиялық» шөп шайлары, сондай-ақ «Глициосалмин» сублингвальді пластинкасы көрмеге қойылып, қатысушылардың назарына ұсынылды. Бұл өнімдердің құрамдары қазіргі уақытта патенттеуге және Kazpatent жүйесінде тауар белгісін тіркеуге жолданған. Сонымен қатар көрмеде «Galamat Group» және Назарбаев Университетімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан, Медицина факультетінің 1-курс докторанты А. Джапаровтың «4 кеңістікті зонд» жобасы таныстырылды. Бұған қоса студенттердің жасанды интеллектке негізделген «Zire.kz», «inLab», «HemLink» жобалары да экспозицияға енгізілді. Академия әзірлемелері мен стартап жобалары көрме қатысушылары тарапынан жоғары қызығушылыққа ие болып, оң бағасын алды. Конгресс барысында жаңа кәсіби байланыстар орнатылып, алдағы уақытта бірлескен жобалар мен серіктестік бағытындағы жұмысты кеңейтуге мүмкіндік туды.