2025 жылдың 15 мамыр күні Психологиялық қызметтің ұйымдастыруымен және әлеуметтік мәселелер жөніндегі бас маман Б. Байымбетованың қолдауымен психологиялық қолдау көрсетуге бағытталған іс-шара өткізілді.
Кездесуге оқу орнының тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Е.Қ.Сәлім қатысып, іс-шараға сәттілік тілеп белсенді студентерді сертификаттармен марапаттады. Бүгінгі таңда емтихан кезеңі – жастардың өміріндегі аса жауапты әрі психологиялық қысымға толы уақыт. Әсіресе, қолдауды ерекше қажет ететін немесе инклюзиялық топтағы жастар үшін бұл кезең ерекше күрделі. Осыны ескере отырып, психологиялық қызмет мамандары жоспарға сәйкес осы күнге дейін екі кездесу ұйымдастырып, бүгінгі іс-шарамен қорытындылады.
Кездесу барысында қатысушыларға психологиялық тұрақтылықты сақтау, мазасыздықпен күресу және өз-өзіне сенімділікті арттыруға бағытталған түрлі әдістер ұсынылды. Алдағы уақытта мұндай кездесулер жалғасын табатыны және психологиялық қызмет мамандары әрдайым қолдау көрсетуге дайын екендігі атап өтілді.