Войти
Басты бет Академия жаңалықтары Серіктес жоғары оқу орындарыны...
15 мамыр 2025
8
1
0

Серіктес жоғары оқу орындарының қатысуымен өткен «Жас зерттеушілердің инновациялық идеялары» III Халықаралық постерлік баяндамалар байқауы

Фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасы мен Фармация ғылыми зерттеу орталығы серіктес жоғары оқу орындарының қатысуымен «Жас зерттеушілердің инновациялық идеялары» III Халықаралық постерлік баяндамалар байқауын ұйымдастырды.
Байқауға Үндістанның фармацевтикалық жоғары оқу орындарынан – College of Pharmacy (Ooty), Academy of Higher Education & Research (Ooty), И.М. Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу мемлекеттік медицина университеті (Мәскеу, Ресей), И.К. Ахунбаев атындағы Қырғыз мемлекеттік медицина академиясы (Бішкек, Қырғызстан), Ташкент фармацевтика институты (Ташкент, Өзбекстан), Ташкент білім және зерттеу институты (Ташкент, Өзбекстан) және Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысты.

Байқаудың мақсаты - жас ғалымдардың фармацевтикалық зерттеулер саласындағы жетістіктерін таныстыру болды. Қатысушылар ұсынған ғылыми жұмыстардың тақырыптары кең ауқымды қамтыды: фармациядағы инновациялық технологиялар, жаңа дәрілік заттарды жасау, препараттардың молекулалық әсерлерін зерттеу, сүт безі мен жатыр мойны қатерлі ісігін емдеуге арналған фармацевтикалық белсенді заттардың жаңа туындыларын in silico әдісімен жобалау, дәрілік заттар мен өсімдік шикізатын стандарттау, дәрілік заттардың фармакологиялық белсенділігінің докинг-талдауы, фармацевтикалық экологияның өзекті мәселелері, ОҚМА фармация факультетінің бейіндік кафедралары жүзеге асыратын каскадты жобаға бағытталған жұмыстарының нәтижелері, сондай-ақ токсикологиялық маңызды қосылыстардың химия-токсикологиялық талдауы.

Іс-шара аралас форматта – оффлайн және шетелдік қатысушылар үшін Zoom платформасы арқылы онлайн түрде өтті. Жалпы саны 50-ге жуық постерлік баяндама ұсынылды. Барлық материалдар қазылар алқасының мүшелеріне алдын ала жіберілді, олардың құрамына медицина және фармация саласындағы танымал сарапшылар кірді.

Жұмыстар келесі криетрийлер бойынша бағаланды: зерттеудің өзектілігі мен мақсаты, ғылыми жаңалығы мен практикалық маңыздылығы, постердің мазмұндық және көрнекі безендірілуі, сондай-ақ автордың дайындық деңгейі – сұрақтарға жауап беру, дискуссиялау қабілеті және ғылыми пікірталас жүргізуі.
Конференция барысында қатысушылар қазылар алқасымен және аудиториямен белсенді өзара әрекеттесті, сұрақтарға жауап беріп, өз нәтижелерін талқылады. Барлық баяндамалар аяқталғаннан кейін қазылар алқасы қорытынды шығарып, ұйымдастыру комитетіне нәтижелерді ұсынды. Модераторлар байқау нәтижелері мен жеңімпаздардың есімдерін жариялады.
Әрбір қатысушыға ғылыми жетекшісі көрсетілген сертификат, ал жеңімпаздарға I, II және III дәрежелі дипломдар табысталды. Сонымен қатар «Ең үздік» номинациясы бойынша арнайы сыйлық берілді.
Үзіліс кезінде кафедра ұжымы дайындаған Наурыз көже ұсынылған фуршет үстелі ұйымдастырылды. Мұндай бағдарлама іс-шараға мерекелік атмосфера беріп, студенттер мен оқытушылар арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ командалық рухты арттыруға ықпал етті.

Іс-шара соңында қатысушылар мен олардың ғылыми жетекшілері форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, оң пікірлер білдірді. Байқау әдеттегі конференциядағы баяндамалардан ерекшеленіп тұрды, себебі қатысушы өз жұмысын тікелей алаңда «қорғап», қатысушылар мен қазылар тарапынан көптеген сұрақтарға жауап беріп отырды. Постерлер байқау барысында үнемі қатысушылар мен қазылар назарына ұсынылып, олардың мазмұны жан-жақты зерттелді. Нәтижесінде сұрақтар саны артып, баяндамашылардың алған әсерлері мен эмоциялары да арта түсті.
Бұл байқау ғылыми идеялар мен жобаларды ұсынуға арналған тамаша алаңға айналып, көпшілік алдында сөйлеу және цифрлық технологияларды тиімді пайдалану дағдыларын дамытуға ықпал етті.

Пікірлер орны (0)