«Психиатрия және наркология» циклі аясында Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының интерн-дәрігерлері неврология, психиатрия, реабилитология және нейрохирургия кафедрасының PhD, доценті Садық Лаура Айтжановнаның жетекшілігімен Шымкент қаласының оқу орындарында сауалнама жүргізуде. Бұл шараның мақсаты – жастар мен жасөспірімдер арасында психоактивті заттарды (ПАЗ) қолданудың таралуы мен деңгейі туралы шынайы ақпарат алу.
Зерттеу қаладағы мектептер мен колледждерді қамтиды және тәуелділіктің қалыптасуына ықпал ететін қауіп факторларын анықтауға, сондай-ақ жастар ортасындағы қазіргі үрдістерді зерттеуге бағытталған. Жиналған мәліметтер балалар мен жасөспірімдер арасында ПАЗ қолдануды азайтуға арналған мақсатты алдын алу бағдарламаларын әзірлеуге және енгізуге негіз болады.
Сауалнама барлық этикалық нормаларды сақтай отырып жүргізілуде, қатысушылардың толық анонимдігі мен құпиялылығы қамтамасыз етіледі. Интерндер тек далалық зерттеулерде тәжірибе жинақтап қана қоймай, жас ұрпақтың психикалық денсаулығын қорғауға бағытталған әлеуметтік маңызды іске өз үлестерін қосуда.
Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге белсене қатысуды жалғастырып, ғылыми көзқарасты, болашақ дәрігерлердің практикалық дайындығын және жастардың денсаулығына деген қамқорлықты үйлестіріп келеді.