Войти
Басты бет Академия жаңалықтары Стамбулдан келген SAP және ABA...
5 желтоқсан 2025
1
0
0

Стамбулдан келген SAP және ABAP интеграциясы жөніндегі кеңесші, ақпараттық технологиялар мен цифрлық трансформация саласының маманы Ozan Çelik студенттерге дәріс оқыды

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында Фармация факультетінің Фармация білім беру бағдарламасы бойынша 5-курс студенттеріне, Фармацевтикалық өндіріс технологиясы білім беру бағдарламасының 4-курс студенттеріне және аталмыш факультет оқытушыларына арналған дәріс өтті. Жиынды факультет деканы Арыстанбаев Құттыбек Есенгелдіұлы ашып беріп, академияға арнайы шақырылған мәртебелі мейманды көпшілікке таныстырды.
Түркияның Стамбул қаласынан келген SAP және ABAP интеграциясы жөніндегі кеңесші, ақпараттық технологиялар мен цифрлық трансформация саласының маманы Ozan Çelik сахнаға көтеріліп, өз сөзін Түркияның бай да терең тарихына шолу жасаудан бастады. Ол елдің қазіргі әлеуметтік-экономикалық дамуы, инновацияға бағытталған реформалары және технологиялық серпілістері жөнінде қызықты мәліметтер келтірді. Тыңдаушылар үшін бұл шетелдік тәжірибені жақынырақ тануға мүмкіндік берді.
Одан кейін негізгі дәріс тақырыбы «Өндірістегі жасанды интеллект» мәселесі кеңінен талқыланды. Спикер жасанды интеллекттің заманауи өндіріс процесін қалай өзгертіп жатқанын, автоматтандыру, деректерді талдау, сапаны бақылау бағыттарындағы артықшылықтарын жан-жақты түсіндіріп берді. Қатысушыларға жасанды интеллекттің жұмыс істеу принциптері, нақты өндірістік кейстер және болашақтағы мүмкіндіктер туралы терең әрі қолжетімді ақпарат ұсынылды.
Дәріс өте әсерлі әрі мазмұнды өтті. Соңында сұрақ-жауап ұйымдастырылып, студенттер мен оқытушылар спикерден жасанды интеллекттің өндірістегі қолданылуы туралы қосымша мәліметтер алып, өздерін қызықтырған мәселелер бойынша пікір алмасуға мүмкіндік алды.

Пікірлер орны (0)