Войти
Басты бет Академия жаңалықтары Студенттердің құқықтық және қа...
20 қараша 2025
1
0
0

Студенттердің құқықтық және қаржылық сауатын арттыруға арналған кездесу өтті

Бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында студенттердің құқықтық және қаржылық сауатын арттыруға арналған кездесу өтті. Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мамандары мен құқық қорғау органдарының өкілдері студенттермен еркін форматта пікір алмасып, заманауи қауіп-қатерлерден қорғану жолдары туралы әңгімелесті. 
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің Жоғарғы техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерімен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Қамбар Тоқтасын жастарға смартфон мен интернеттің қауіп-қатері туралы кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілердегі жеке ақпаратты қорғау, күмәнді сілтемелерге өтпеу, бейтаныс адамдарға жеке деректерді бермеу сияқты мәселелерге тоқталды.
Қамбар Тоқтасын смартфон қауіпсіздігі туралы айта отырып, құрылғыны бұғаттау әдістерінің маңызын, PIN және пароль таңдауда жиі жіберілетін қателіктерді де тілге тиек етті.  Оның айтуынша, көптеген азаматтар әлі күнге дейін «1234», «0000» немесе туған күн сияқты қарапайым пин-кодтарды қолданады. Бұл – киберқылмыскерлер үшін ең жеңіл «олжа».
Кездесуде Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Ануар Орынбеков сөз алып, қаржылық алаяқтықтың кең таралған түрлерін атады. Ануар Оралбекұлы өз сөзінде «Қаржылық сауаттылық – экономистке ғана емес, барлық азаматқа қажет қабілет. Күдікті қоңыраулар, банктен хабарласқан болып сөйлейтіндер, жеңіл табыс ұсынатын жарнамалар – мұның бәрі алаяқтардың айласы. Әр адам өзінің қаражатын қорғаудың негізгі қағидаларын білуі тиіс» деді. 
Студенттерге карта деректерін ешкімге бермеу, белгісіз қосымшаларды жүктемеу жөнінде нақты ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар, мамандар алаяқтыққа тап болған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгіну қажеттігін ескертті.

Пікірлер орны (0)