«Қазақстан тарихы және әлеуметтік-қоғамдық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы А.А.Беккулова студенттерде ұлттық сананы қалыптастыру мақсатында 2 курс «Медицина» БББ білім алушыларына "Ұлы дала ұрпағы" атты патриоттық мазмұндағы деректі фильмнің көрсетілімін ұйымдастырды.
Мақсаты: студент жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, ұлттық рухты нығайту және ел тарихына деген терең қызығушылықты ояту.
Фильмде Қазақстанның егемендік жолындағы күресі, елдің тарихи тұлғаларының ерлігі, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы сын-қатерлер және қазіргі жетістіктер жан-жақты баяндалды. Сонымен қатар, бүгінгі жас буынның ел болашағына қосар үлесі мен жауапкершілігі де нақты мысалдармен көрсетілді.
Көрсетілімнен кейін студенттер өз ойларын ортаға салып, фильмнен алған әсерлерімен бөлісті. Кейбірі өздерінің туған елге деген сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі арта түскенін жеткізсе, енді бірі деректі фильмнің тарихи мазмұны арқылы ел тарихына деген қызығушылығының артқанын атап өтті.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар жастарды ел тарихын терең білуге, ұлттық бірлікті нығайтуға және Отан алдындағы азаматтық борышты сезіне білуге шақырды.
Бұл сынды шаралар студенттерді рухани байытып қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін арттырады. Ұлттық сана мен тарихи жады – ел болашағының кепілі.