
Түркістан сарайында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясын тәмамдаған түлектерге диплом табысталды. Салтанатты жиында алдымен ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауы көрсетілді.

Түлектерді ОҚМА құрылтайшысы, техника ғылымдарының докторы, профессор Сейтжанов Серікжан Сейтжанұлы, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байдуалиев Асхан Мархабайұлы, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Глазебная Инна Михайловна құттықтап, оқуын үздік аяқтаған академия мақтаныштарына қызыл дипломдарын салтанатты түрде табыстады.

Іс-шараға өңірдің денсаулық сақтау саласының жетекші өкілдері де қатысып, жас мамандарға ақжарма тілектерін арнады.

Оқу орнының академиялық жұмыстар жөніндегі проректоры Анартаева Мария Ұласбекқызы, клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры Нұрмашев Бекайдар Қалдыбайұлы, ғылыми және стратегиялық даму жөніндегі проректоры Аукенов Нұрлан Ерденұлы, тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Сәлім Ербол Қалтұрсынұлы түлектерге дипломдарын табыс етті. Іс-шара барысында академия ректоры Сейтжанова Жанна Серікжанқызының атынан үздік білім алушылардың ата-аналарына «Алғыс хат» берілді.

Фармация факультетінің үздік бітірушісі, студенттік ректор Асқар Мерей Еламанқызы сөз сөйлеп, түлектердің атынан өз лебізін білдірді.
