2025 жылғы 3 қараша күні Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының Клиникалық дағдылар орталығында «Жалпы тәжірибе дәрігері – 2» кафедрасының 6-курс интерндері ғылыми жобаларын қорғады.
Іс-шараға ІЖТО-19-25, ІЖТО-20-25, ІЖТО-21-25, ІЖТО-22-25 және ІЖТО-23-25 топтарының интерндері қатысып, жобалық оқыту аясында орындаған ғылыми жұмыстарын таныстырды.
Ғылыми жобаларды қорғауды медицина ғылымдарының магистрі Сметова Р.А. және кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы ұйымдастырды.
Шараға сонымен қатар Клиникалық дағдылар орталығының бастығы Камельнов Н.Д. қатысып, іс-шараның жоғары деңгейде өткенін және интерндердің ғылыми зерттеуге деген қызығушылығын атап өтті.

Қорғалған жобалар тақырыптарының өзектілігімен және алуан түрлілігімен ерекшеленді. Олар профилактикалық медицинаның түрлі аспектілерін, аурулардың дамуындағы қауіп факторларын анықтау және олардың әсерін зерттеуді қамтыды.
Жобаларды орындау барысында интерндер Шымкент қаласының емдеу-профилактикалық мекемелерінде сауалнама жүргізіп, алынған деректерді талдады, отандық және шетелдік ғылыми әдебиеттерді зерделеді және нәтижелерін заманауи ғылыми деректермен салыстырды.
Зерттеу барысында халық денсаулығына әсер ететін мінез-құлықтық, әлеуметтік және медициналық факторларға ерекше назар аударылды. Әрбір баяндама статистикалық мәліметтермен, презентациялармен және практикалық маңызы бар қорытындылармен сүйемелденді.

Әрбір баяндама соңында белсенді пікірталас жүргізіліп, интерндерге сұрақтар қойылып, зерттеу нәтижелерін талқылау мен келешектегі бағыттар қарастырылды.

Мұндай іс-шаралар интерндердің зерттеу дағдыларын дамытуға, кәсіби жауапкершілігін арттыруға және үздіксіз жетілуге ұмтылысын қалыптастыруға ықпал етеді.
«Жалпы тәжірибе дәрігері – 2» кафедрасы барлық қатысушыларға белсенділіктері, бастамашылдығы және шығармашылық көзқарастары үшін алғыс білдіреді
