Войти
Басты бет Академия жаңалықтары 16 желтоқсан – Қазақстан Респу...
3 желтоқсан 2025
1
0
0

16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні

Бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында Қазақ, орыс және латын тілдері кафедрасының ұйымдастыруымен 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне арналған іс-шара өтті. Іс-шара Желтоқсан көтерілісі құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алудан басталып, одан кейін алаңға шыққан мыңдаған жастың ерлігін бейнелеген көрініспен жалғасты. «Қазақ елінің өз көсемі сайлансын!» деп ұрандаған өр мінезді жастардың тәуелсіздік жолындағы күресі көрерменге толғанысқа толы әсер қалдырды.
Іс-шараның рухани мазмұнын байыта түскен кафедраның өнерлі студенттері төл өнеріміздің қайнарынан бастау алатын «Балбырауын» күйін әсем нақышпен орындап, жұртшылықты ұлттық әуеннің әдемі әлеміне жетелей түсті. «Көркем» би үйірмесінің қыздары да қазақ биінің көркемдігін паш етіп, сахнаның сәнін кіргізді.

Жиында оқу орнының тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Сәлім Ербол Қалтұрсынұлы, Фармация факультетінің деканы Арыстанбаев Құттыбек Есенгелдіұлы, «Жалпы медицина» білім беру бағдарламасы бойынша декан орынбасары Дүйсенбаева Меруерт Мейрамбекқызы сөз сөйлеп, Тәуелсіздік күнінің тарихи маңызы, бүгінгі ұрпақтың жауапкершілігі және ел келешегіне деген сенім жайлы тағлымды ой қозғады.
Шара соңында академия студенттері Ерлан Әбдібек пен Нұргүл Қошқарбай «Қазақстаным» әнін орындап, жиналғандарға ерекше рух сыйлады.

Пікірлер орны (0)