
Қазақстан тарихындағы ең қастерлі де маңызды күндердің бірі – Тәуелсіздік күні. 1991 жылдың 16 желтоқсанында еліміз егемендігін жариялап, дербес даму жолына түсті. Бұл күн – азаттық жолында жанын қиған бабалар рухына тағзым етіп, егемен ел атанғанымызды ұлықтайтын ерекше мереке. Осы мереке қарсаңында «Отбасылық медицина» кафедра ассистенті Нарзуллаева Дианара Сабыржановна тәлімгерлік тобы ІЖТДҚ - 16-24, ІЖТДО- 31-24 топ дәрігер – интерндерімен өткенімізді тереңірек түсіну, тәуелсіздіктің қадірін сезіну және азаттықтың қандай қиын жолмен келгенін ұғыну, жастардың патриоттық сезімін нығайтуға мақсатында Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіне арнайы сапар жасады.
Қазіргі бейбіт өміріміздің артында қаншама адамның жанкештілігі, қайғысы мен күресі жатқанын білу – әр азаматтың парызы. Осы тұрғыдан алғанда, музейге жасалған сапар біз үшін тек экскурсия емес, өткенге жасалған терең тағзым болды.
Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіне барғаннан кейін интерндер арасында тарихқа деген көзқарастың өзгергені байқалды. Көпшілігіміз бұрын тек оқулықтан, кітаптан білген мәліметтерді музейде көзбен көріп, жүрекпен сезіндік. Әр экспонаттың артында нақты адамның тағдыры жатқанын түсінгенде, өткеннің ауыртпалығы айқын сезіледі.
Әрбір интерн тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы құрбандардың есімін құрметтеудің, олардың рухына тағзым етудің мәнін терең түсінді. Бүгінгі бейбіт өмір, ашық аспан, еркін ой – осы бабаларымыздың арманы, сол үшін күрескен жандардың мұрасы.
Музейдегі экспонаттар бізге тек өткенді еске салған жоқ, сонымен қатар болашаққа деген жауапкершілікті де жүктеді. Өйткені тәуелсіз елдің ертеңі – бүгінгі жастардың қолында.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарының өмір жолы мен қайғылы тағдыры – біздің тарихымыздың ажырамас бөлігі. Олардың ерлігі мен төзімділігі бізге ешқашан еркіндікті бағалаудан, елге қызмет етуден, тарихты ұмытпаудан жалықпау керек екенін еске салады.
Тәуелсіздік – ең қастерлі құндылық. Біз оның қадірін білуге және өткенге тағзым етуге міндеттіміз. Осы сапар соның айқын дәлелі болды.