Фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасында «Токсикологиялық химия-2» пәні бойынша «Фармация» білім беру бағдарламасының 5-курс студенттеріне арналған ашық дәріс өткізілді. Дәрісті фарм.ғ.к., қауымд. профессор Серікбаева А.Д. жүргізді.
Ашық дәріске медициналық білім беру саласының сарапшылары - әдістемелік бөлім меңгерушісі Рашева Б.М., фармация факультетінің декан орынбасары, PhD Козыкеева Р.А., сондай-ақ академия оқытушылары қатысты.

Сабақ пресс-конференция түріндегі интерактивті форматта ұйымдастырылды, мұнда дәстүрлі теориялық тәсілдер заманауи цифрлық технологиялармен ұштасып отырды. Дайындық кезеңінде студенттер Google Forms арқылы дәріскерге өз сұрақтарын алдын-ала жолдады. Бұл әдіс сабақты интерактивті диалог түрінде өткізуге, ең өзекті және күрделі сұрақтарға назар аударуға мүмкіндік берді.
Дәріс материалдарына PubChem халықаралық деректер базасына жылдам қол жеткізуді қамтамасыз ететін QR-кодтар енгізілді. Бұл студенттерге пестицидтердің химиялық құрылымдарын нақты уақытта зерттеуге, олардың токсикологиялық бейінін, физика-химиялық қасиеттерін талдауға және зат құрылымы мен оның биологиялық әсері арасындағы өзара байланысты талқылауға мүмкіндік берді.

Сабақ барысында токсиканттарды оқшаулау бойынша инновациялық әдістерге ерекше назар аударылды. QR-код жүйесі арқылы студенттер заманауи сынама дайындау технологияларының оқу материалдары мен көрнекі сызбаларына қол жеткізді. Олардың ішінде: қатты фазалы экстракция, дисперсиялық сұйық-сұйық микроэкстракция және QuEChERS жүйесі қамтылды.
Дәріскер аталған технологиялардың жұмыс істеу механизмдері мен артықшылықтарын жан-жақты түсіндіріп, химия-токсикологиялық зерттеулердің сот-медициналық сараптамаларында бұл әдістерді меңгеру қазіргі заманғы маманға қойылатын негізгі талаптардың бірі екенін атап өтті.
Пресс-конференция форматындағы сабақ пен цифрлық құралдарды белсенді пайдалану студенттердің дәстүрлі оқу үдерісінен шығуына мүмкіндік берді. Білім алушылар тек талдау алгоритмдерін бекітіп қана қоймай, сонымен қатар Big Data, халықаралық химия-токсикологиялық деректер базалары және заманауи аналитикалық хаттамалармен жұмыс істеу қағидаларын меңгерді.
Сабақтың қорытынды кезеңінде Kahoot платформасында интерактивті тест өткізілді. Бұл ойын түріндегі бағалау әдісі студенттердің материалды меңгеру деңгейін жедел анықтауға және жедел кері байланыс алуға мүмкіндік берді. Геймификация элементтері студенттердің мотивациясын арттырып, аналитикалық ойлау қабілеттерін дамытты және олардың жоғары белсенділігін көрсетті.

Студенттердің пікірінше, QR-кодтар, PubChem және Kahoot сияқты цифрлық құралдарды пайдалану оқу процесін көрнекі, қарқынды және тәжірибеге бағытталған етеді: «Біз жай формуланы ғана емес, заманауи токсикологтың нақты жұмыс механизмін көреміз», - деп атап өтті қатысушылар.
Қонақтар қауымд. профессор А.Д. Серікбаеваның жоғары әдістемелік деңгейін, токсикологиялық химияның іргелі негіздерін IT-шешімдермен және цифрлық оқыту технологияларымен тиімді ұштастыра білу қабілетін ерекше атап өтті.
Өткізілген сабақ белсенді оқыту әдістері мен цифрландыруды біріктіру болашақ фармацевтердің жаңа буын кәсіби құзыреттерін - деректерді талдау, сыни ойлау және химия-токсикологиялық зерттеулердің халықаралық стандарттарын қолдану қабілеттерін қалыптастыруға ықпал ететінін көрсетті.