Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары «Адал адам, адал еңбек, адал т...
30 қазан 2026
1
0
0

«Адал адам, адал еңбек, адал табыс»

ОҚМА Қазақ, орыс және латын тілдері кафедрасының оқытушыларының ұйымдастыруымен академияның комплаенс-офицері Пернебаев Нұрғали Әлиханұлымен «Адал адам, адал еңбек, адал табыс» тақырыбында тәрбиелік мәні зор кездесу өткізілді.

Іс-шараға В-ФҚҚ-01-26, В-ФӨТОБББ-01-26, В-МҚАБ-01-26 және В-ФӨТАБ-04-26 топтарының білім алушылары қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты жастар арасында адалдық, әділдік, жауапкершілік және парасаттылық қағидаттарын насихаттау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сондай-ақ білім беру үдерісінде академиялық адалдық мәдениетін қалыптастыру болды.

Кездесу барысында Нұрғали Әлиханұлы сыбайлас жемқорлықтың қоғам дамуына тигізетін кері әсері, оның алдын алу жолдары және әрбір азаматтың заң талаптарын сақтаудағы жауапкершілігі туралы кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісі қоғамдағы әділдік пен сенімге нұқсан келтіретінін атап өтіп, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Білім алушыларға құқықтық сауаттылықты арттыру, заңға құрметпен қарау және күнделікті өмірде адалдық қағидаттарын басшылыққа алу қажеттігі түсіндірілді.

Басқосу барысында академиялық адалдық мәселесіне де ерекше назар аударылды. Академиялық адалдық қағидаттарын сақтау білім сапасын арттырып қана қоймай, болашақ мамандардың кәсіби этикасын қалыптастыруға да оң ықпал ететіні атап өтілді.

Нұрғали Әлиханұлы білім алушылардың бойында жеке жауапкершілік сезімін қалыптастырудың маңызын да тілге тиек етті. Әрбір білім алушы өзінің іс-әрекетіне жауап бере білуі, қоғамдық ортада әдеп нормаларын сақтауы, әділ шешім қабылдауы және қандай жағдайда да адалдық ұстанымынан айнымауы керектігін жеткізді.

Іс-шара жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыруға, академиялық адалдық қағидаттарын терең түсінуіне және өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауына бағытталды.

Пікірлер орны (0)