
«Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы Абдрасилова С.Т. және ФӨТҚАБ-03-25 оқу тобының студенттері қазақтың ұлы ағартушы-педагогі Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына орай «Ағартушылықтан – оқитын ұлтқа» атты тақырыпта танымдық іс-шара өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, оның қазақ халқының білім беру және ағарту саласына қосқан үлесін таныту, сондай-ақ білім алушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.
Іс-шара барысында білім алушылар ағартушының өлеңдерін мәнерлеп оқып, оның шығармаларының тәрбиелік мәні мен маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, Ыбырай Алтынсариннің өмір жолы, ағартушылық қызметі және қазақ даласында білім беру ісін дамытудағы еңбегі туралы мәліметтер айтылды.
Студенттер ағартушының «Кел, балалар, оқылық!» атты өлеңінің мазмұнына ерекше назар аударып, білім мен ғылымның адам өміріндегі маңызын атап өтті. Ұлы тұлғаның шығармаларында көтерілген еңбекқорлық, адамгершілік, ізгілік және білімге ұмтылу идеялары бүгінгі жас ұрпақ үшін де өзектілігін жоғалтпағаны айтылды.
Іс-шара барысында білім алушылар өз ойларын ортаға салып, кітап оқудың жеке тұлғаның дамуына, дүниетанымының кеңеюіне және рухани байлығының артуына ықпал ететінін жеткізді.