
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясына серіктес әрі жұмыс беруші «Химфарм» АҚ (Santo) фармацевтикалық компаниясының қолдауымен Polpharma тобының өндірістік қызмет жөніндегі басшысы, химия ғылымдарының PhD докторы, іскерлік басқару магистрі Томас Нотеггер іссапармен келді.
Доктор Томас Нотеггер техникалық операциялар (API және FDF), өнім әзірлеу, портфельді басқару және сапа менеджменті салаларында мол тәжірибеге ие. Ол Еуропа, АҚШ, Латын Америкасы және Азия елдерінде коммерциялық бөлімдермен бірлесіп, тұтынушыға бағытталған стратегияларды әзірлеу және тиімді жүзеге асыру бағытында табысты жұмыс атқарған.
Сапар аясында Томас Нотеггер «Фармацевтикалық өндірістегі жасанды интеллект (ЖИ)» тақырыбында дәріс оқыды. Дәріске «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» білім беру бағдарламасының студенттері, «Фармация» білім беру бағдарламасының магистранттары мен докторанттары, сондай-ақ ОҚМА профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Дәріс барысында фармацевтикалық өндірісте жасанды интеллектіні қолданудың заманауи мүмкіндіктері, өндірістік үдерістерді оңтайландыру, сапаны арттыру және инновациялық шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды.
