2023 жылдан бастап Қазақстанда мамыр айының әр екінші жексенбісі – «Аналар күні» ретінде аталып өтілуде. Бұл ерекше күн – аналардың қоғамдағы рөлін айқындап, олардың еңбегіне құрмет білдіретін маңызды мереке.
Осы атаулы күнге орай, 2025 жылдың 12 мамыр күні Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының «Гигиена және эпидемиология» кафедрасының аға оқытушылары Жақсыбаева Ж.Б., Байконсова Л.О. ұйымдастыруымен және кафедра ПОҚ мен ПҚА-01-22, ПҚБ-01-22 топтарының білім алушыларының қатысуымен «Мамандандырылған бөбектер үйінде» қайырымдылық іс-шара өткізілді.
Іс-шараның басты мақсаты – бөбектер үйінде тәрбиеленіп жатқан балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау, оларды қуанышқа бөлеу және ОҚМА студенттерін адамгершілікке, мейірімділікке, қайырымдылыққа тәрбиелеу болды.
Шара барысында балалар үшін аниматор мен фокусник арнайы шақырылып, олардың өнерлері кішкентайлардың жүзінде шаттық сыйлады. Балалар түрлі ойындар ойнап, қызықты сиқырлы қойылымдарды тамашалап, естен кетпес әсер алды.
Сонымен қатар, бүлдіршіндерге шырын, тәтті печенье, алма, банан сияқты дәмді тағамдар таратылып, бояу суреттері (раскраска) мен түрлі түсті қарындаштар сыйға берілді.
Іс-шара өте жылы атмосферада өтті. Білім алушылар да үлкен әсер алып, бұл күн олардың жүрегінде ерекше із қалдырды. Мұндай игі бастамалар қоғамымызда ізгілік пен жанашырлық қасиеттерін арттырып, жастарды адамгершілікке баулиды.