Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары Әскери кафедраның құрылғанына...
23 ақпан 2026
1
0
0

Әскери кафедраның құрылғанына – 25 жыл!

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы Әскери кафедрасының құрылғанына 25 жыл толуына орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты жиынды «ОҚМА» АҚ ректоры Жанна Сейтжанова ашып беріп, жиналған қауымды мерейтоймен құттықтады.

Жанна Серікжанқызы өз сөзінде әскери кафедраның оқу орнының құрылымындағы айрықша орнын атап өтіп, оның жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеудегі маңызына тоқталды. Сонымен қатар, кафедраның дамуына елеулі үлес қосқан, қызметтік міндеттерін мінсіз атқарған және жас ұрпақты отансүйгіштікке баулуда белсенділік танытқан бірқатар азаматтарды арнайы мерекелік төсбелгімен марапаттады. Мерекелік жиында «ОҚМА» АҚ Әскери кафедрасының бастығы, запастағы подполковник Асан Қасымбеков баяндама жасап, ширек ғасыр ішінде әскери кафедра мыңдаған жас маманға сапалы әскери дайындық беріп, олардың бойына патриоттық рух, азаматтық жауапкершілік пен елге деген сүйіспеншілікті дарытқанын жеткізді. Кафедра түлектері бүгінде еліміздің әртүрлі өңірлерінде табысты еңбек етіп келеді. Сондай-ақ, баяндама барысында оқу-материалдық базаның нығаюы және әскери даярлық сапасының артуы сияқты жетістіктер кеңінен сөз болды.


Іс-шарада ардагерлер атынан ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері республикалық қоғамдық бірлестігі Шымкент қаласы филиалының төрағасы, отставкадағы полковник Серікбай Онбаев сөз сөйлеп, әскери кафедра ұжымына алғысын білдірді. Мұнан кейін құттықтау легін академияның алғашқы түлектерінің бірі, ҚР Қарулы Күштерінің «Оңтүстік» Өңірлік қолбасшылығы Тараз қаласындағы Әскери госпитальдің бастығы, медицина қызметінің подполковнигі Рафик Гусейнов жалғастырды. Ол өз сөзінде білім ордасында алған әскери дайындықтың кәсіби қалыптасуына үлкен әсер еткенін айтып, ұстаздарына ризашылығын білдірді.


Ширек ғасырлық белесті еңсерген әскери кафедраның алдағы уақытта да ел қорғаны болатын жас мамандарды даярлау ісін абыроймен жалғастыра беруіне тілектеспіз.

Пікірлер орны (0)