
2026 жылғы 03 ақпан күні «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ түлектерінің Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі департаментінің Түркістан облысы бойынша әскери медицина бөлімінің өкілдерімен кездесуі өтті. Кездесуге ҚР ҰҚК Шекара қызметі департаментінің Түркістан облысы бойынша қызметкерлері: әскери медицина бөлімінің аға офицері (эпидемиологы), капитан Жандарбеков Асхат Бейсенханұлы; медициналық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы, майор Абдикалыков Нурлыбек Жайлауович; Әскери медицина бөлімінің офицері Қанапия Санжар; ОҚМА әскери кафедрасының аға оқытушысы, запастағы медициналық қызметтің подполковнигі Исакулов Нурбол Рахманбердиевич, мансап бөлімінің меңгерушісі Юнусметов Элдор Шавкатович, әскери кафедраның профессор-оқытушылық құрамы, жастар саясаты бөлімінің және медицина факультеті деканатының қызметкерлері қатысты.

Іс-шара аясында қатысушыларға әскери медицина жүйесіндегі қызметтің ерекшелігі, қызмет өткеру шарттары, кандидаттарға қойылатын талаптар, әлеуметтік кепілдіктер, сондай-ақ кәсіби және мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы ақпарат ұсынылды. Медициналық мамандықтар түлектерін жұмысқа орналастыру мәселелеріне және Шекара қызметі құрылымдарындағы жұмыс перспективаларына ерекше назар аударылды. Ашық диалог барысында түлектер іріктеу тәртібіне, медициналық және кәсіби критерийлерге, сондай-ақ қызметке кіру кезеңдеріне байланысты өзекті сұрақтарға жауап алды. Осындай кездесулер өткізу білім беру ұйымдары мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді, сондай-ақ жас мамандарды жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін кеңейтеді.
«ОҚМА» АҚ жұмыс берушілермен әріптестік байланыстарды дамыту және өз түлектерін кәсіби іске асыру үшін тиімді жағдайлар жасау бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.