
Бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында Психологиялық қызмет, Жастар саясаты бөлімі мен Қазақ, орыс және латын тілдері кафедрасының ұйымдастыруымен «Әйелге деген құрмет – қоғамның даму деңгейінің көрсеткіші» тақырыбында психологиялық семинар-тренинг өтті.
Семинардың мақсаты білім алушыларға әйелдерге деген құрметтің қоғамның дамуы мен этикалық деңгейіне тигізетін әсерін көрсету, сондай-ақ гендерлік теңдік пен құқықтық мәдениеттің маңызын түсіндіру болды. Студенттерге Қазақстан Республикасындағы әйелдер құқығын қорғау заңнамасы таныстырылып, зорлық-зомбылық пен кемсітушілікке қарсы заңдардың маңызы айтылды.

Семинарды Психологиялық қызметтің психологтары Аза Мирсадыкова мен Динара Еспенбетова жүргізді. Психологтар студенттерді интерактивті әдістер арқылы белсенді қатысуға шақырып, әйелге құрмет көрсету мәдениеті мен этикалық қағидаларды және психологиялық ахуалын талқылауға мүмкіндік берді. Студенттер ұялы телефондар арқылы интерактивті сұрақтарға жауап беріп, өз пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, нақты өмірлік жағдайларға арналған сценарийлер ұсынылып, студенттер әрбір ситуация бойынша өз ойларын білдірді.
Семинар барысында әйелдерге деген құрмет тек жеке адамға ғана қатысты емес, сонымен қатар қоғамдағы теңдік пен әділеттілікті нығайтуға, құқықтық және моральдық мәдениетті қалыптастыруға ықпал ететіндігі ерекше атап өтілді. Студенттер әйелге құрмет көрсету арқылы қоғамның дамуына өз үлесін қосуға болатынын түсінді.
