Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында «Бауыр ауруларының иммунологиясы. Диагностикасы және емі» атты тақырыпта халықаралық семинар өтті. Аталған семинар академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, Беларусь Республикасы Минск қаласындағы Беларусь мемлекеттік медициналық университеті мен ОҚМА арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастық туралы екіжақты келісімнің негізінде жүзеге асты.
Семинарды «Жалпы практика дәрігері-2» кафедрасы ұйымдастырып, іс- шараға отандық және шетелдік білікті мамандар, ғылыми қызметкерлер мен тәжірибелі дәрігерлер қатысты. Семинар барысында бауыр ауруларының заманауи диагностикасы мен емі кеңінен талқыланды.
Іс-шараның салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған «ОҚМА» АҚ ректоры Жанна Сейтжанова баяндамашыларға сәттілік тілеп, семинардың отандық медицина саласындағы ғылыми әрі тәжірибелік маңызын атап өтті. Сонымен қатар, мұндай жиындардың мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға және тәжірибе алмасуға зор үлес қосатынын жеткізді.
Мұнан кейін медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Жалпы практика дәрігері-2» кафедрасының меңгерушісі Гүлжан Досыбаева сөз кезегін алып, семинардың жоғары деңгейде өтуіне тілектестік білдірді. Гүлжан Нұрбекқызы қазіргі таңда бауыр ауруларын емдеу тәсілдерін жетілдіріліп отырудың маңызы зор екеніне тоқталды.
Семинар барысында шетелдік және отандық мамандар өздерінің ғылыми-тәжірибелік баяндамаларын оқыды. Атап айтар болсақ, медицина ғылымдарының докторы, Беларусь мемлекеттік медициналық университетінің профессоры Мараховский Юрий Харитонович семинарға он-лайн режимінде қатысып, «Бауыр ауруларының иммунологиясы. Диагностикасы және емі» тақырыбында баяндама жасап, бауыр ауруларын заманауи емдеу әдістері жөнінде тың ақпараттармен бөлісті.
Ал, Шымкент қаласының бас штаттан тыс гепатологы, №2 қалалық аурухананың гастроэнтерология, нефрология, гематология және гепатология бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Рсалиева Жанар Мақсұтқызы «Криптогенді холестаз синдромы бар науқастарда морфологиялық зерттеу нәтижелері. УДХҚ-ның науқастарды басқарудағы орны», Түркістан облысының бас штаттан тыс гастроэнтерологы, Шымкент қаласындағы «ГастроМед» медицина орталығының гастроэнтеролог дәрігері Құрманғалиева Әсем Кеңесбекқызы «Түркістан облысындағы гастроэнтерологиялық қызметтің жай-күйі» атты тақырыпта баяндама жасады.
Семинар аясында қатысушылар өзара пікір алмасып, тәжірибе бөлісті. Мұндай халықаралық іс-шаралар медициналық білім беру мекемелері арасындағы байланысты нығайта түсіп, білікті мамандар даярлау ісін жетілдіруге зор ықпал етеді.