Бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясына «Арман әлемі» қоғамдық қауымдастығының өкілдері арнайы келіп, оқу орнының белсенді де жанашыр студенттеріне алғыс хаттар табыстады.
Іс-шараға оқу орнының тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Ербол Сәлім қатысып, академия мен қоғамдық ұйым арасындағы тығыз байланыстың маңыздылығына тоқталды.
– «Арман әлемі» – мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдау білдіруді мақсат еткен қоғамдық қауымдастық. Олар жыл сайын дәстүрлі түрде қала аумағында марафон ұйымдастырып отырады. Бұл іс-шара тек спорттық жарыс қана емес, бірлік пен қолдаудың символы. Біздің ерікті студенттеріміз бұл марафонға тұрақты түрде қатысып, мүгедектігі бар балаларға шынайы қолдау көрсетіп келеді. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Сонымен қатар, студенттеріміз осындай игі істер арқылы болашақ маман ретіндегі кәсіби және адами жауапкершілікті қазірден бастап сезініп, қалыптасып келеді, – деді Ербол Қалтұрсынұлы.
Іс-шара барысында «Арман әлемі» қауымдастығының өкілдері еріктілер қатарындағы болашақ дәрігерлерге жылы лебіздерін білдіріп, олардың қоғамға сіңіріп жүрген еңбектерін ерекше атап өтті.
Мұндай кездесулер студенттерге үлкен шабыт сыйлап қана қоймай, болашақта адам өмірін сақтап қалуға жауапты маман ретінде олардың ішкі әлеуетін оятуға себепші болары анық.