2025 жылдың 12 желтоқсанында Астана медицина университеті базасында, биоэтика мәселелеріне арналған отандық және шетелдік жетекші сарапшылардың қатысуымен жергілікті биоэтика комиссиялары (ЖБК) мүшелеріне арналған халықаралық форум ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында жаңа технологиялардың этикалық сын-қатерлері, биомедициналық және клиникалық зерттеулерді жүргізу кезіндегі биоэтика талаптары, ғылыми зерттеулердің адалдығын қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды. Prof. Gerrit Post биоэтиканың ұлттық стандарттарын қалыптастыру тақырыбында баяндама жасады. ҚР ДСМ Биоэтика жөніндегі Орталық комиссиясының төрағасы, профессор Ерғалиев К.А. зерттеу адалдығын сақтауда этика комитеттерінің рөліне тоқталып, 2024–2025 жылдарға арналған биоэтика жөніндегі орталық комиссия қызметінің жылдық есебін ұсынды.

Сонымен қатар, биоэтика жөніндегі жергілікті комиссияларды сертификаттау, биомедициналық зерттеулерді реттеу, клиникалық зерттеулер жүргізудегі этика комиссияларының рөлі сияқты өзекті тақырыптар талқыланды. Бұл бағытта профессорлар Насырова Ф.Ю., Аниезова Д., Вистерничан О.А., Косумов А. және басқа да жетекші сарапшылар баяндама жасады.
Форум аясында Өзбекстан және Тәжікстан Республикасының өкілдері биоэтиканы дамыту және енгізу жөніндегі ұлттық тәжірибелерімен бөлісті.
Аталған форумға Оңтүстік Қазақстан медицина академиясынан биоэтика жөніндегі жергілікті комиссияның төрағасы Қауызбай Жұмалы Әріпбайұлы және комиссия хатшысы Тұрсынәлі Ақерке Жаңабайқызы қатысып, саладағы өзекті мәселелер бойынша тәжірибе алмасты.

«ҚР ЭК форумы» ҚБ Төрағасы, профессор Сарымсакова Б.Е. «Биоэтика бойынша жергілікті комиссияларды сертификаттау – этикалық сараптама сапасын арттыру құралы» тақырыбындағы баяндамасын қорытындылай келе, биоэтика бойынша жергілікті комиссиялар жауапкершілікпен жұмыс істейтінін, ал айырмашылықтар жүйені формализациялау деңгейіне байланысты екенін атап өтті. Сертификаттау – сапаны арттырудың және ел бойынша этикалық сараптаманы теңестірудің маңызды құралы. Алдағы кезеңдерде сапаны қамтамасыз ету мен бақылау жүйесін дамыту, KPI енгізу, цифрландыру және комиссиялар қызметін кәсібилендіру қажеттігіне назар аударылды.

ҚР ДС министрірінің кеңесшісі, профессор Койков В.В. «Биомедициналық зерттеулер үшін заманауи реттеуші ландшафтты құру: басымдықтар мен күтілетін әсерлер» атты баяндамасында биомедициналық зерттеулерді реттеудің заманауи жүйесін қалыптастырудың негізгі басымдықтарын атап өтті. Спикер тиімді нормативтік орта құрудың, халықаралық стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз етудің және этикалық әрі ғылыми сараптама сапасын арттырудың күтілетін оң әсерлеріне тоқталды.

Форумның екінші бөлігінде БЖК мүшелеріне арналған арнайы тренинг өткізілді. Тренинг аясында Назарбаев Университетінің профессоры Гаипов А.Э. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруына өтінімдерді ресімдеу тақырыбында мастер-класс өткізді.

Форум биоэтика саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, ұлттық биоэтикалық стандарттарды жетілдіруге және ғылыми-зерттеу қызметінің этикалық сапасын арттыруға бағытталған маңызды кәсіби алаң болды.