
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай, қазақ, орыс және латын тілдері кафедрасы ұйымдастырған мерекелік іс-шара «Денсаулық» шипажайының демалушыларына шат-шадыман көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік кештің шымылдығын жастар саясаты бөлімінің жетекші маманы Жанна Қамбарова құттықтау сөз сөйлеп ашып, ардагерлерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
Іс-шара барысында студент Әлиасқар Шериев «Көңіл толқыны» күйін шертіп, көрерменнің көңілін тербеді. Қос ішектен төгілген күй қарттардың жүрегіне жылы шуақ сыйлады. Одан кейін сахна төріне «Қарлығаш» би тобы шығып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Мерекелік кештің көркін аша түскен тағы бір әсерлі сәт «Денсаулық» шипажайының қызметкері Айман Досмаханқызының ақжарма тілегі болды. Ол өз сөзінде ұйымдастырушыларға алғыс айтып, шипажай демалушыларының атынан ризашылығын білдірді.
Сахна төрінде әсем әндер де шырқалды. Назаренко Полина «Бүркіт» әнін орындаса, Сунакбаева Латофат «Тәуелсіз қазақ қызымын» әнін тамылжыта шырқап, зал ішін ерекше әсерге бөледі.
Мерекелік кеш соңында қарттар мен өнерпаздар естелікке суретке түсті.