
Бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орай «World AIDS Day: Science, Prevention and Collaboration» атты II Халықаралық жас ғалымдар мен студенттер конференциясы өтті. Конференцияға ZOOM платформасы арқылы еліміздің әр өңіріндегі және шетелдердегі медициналық бағытта білім беретін оқу орындарының білім алушылары, магистранттар мен докторанттар қатысты. Іс-шарада оқу орнының ғылыми және стратегиялық даму жөніндегі проректоры Аукенов Нұрлан Ерденұлы, тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Сәлім Ербол Қалтұрсынұлы, «Микробиология, аллергология және иммунология» кафедрасының меңгерушісі, профессор Сейтханова Бибігүл Төлегенқызы сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. ЖИТС орталығының эпидемиолог дәрігері Абдиева Фатима Тыныштықбайқызы ЖИТС инфекциясының белгілері мен алдын алу шаралары жөнінде мазмұнды ақпарат ұсынды. Баяндамалар бөлімінде қатысушылар ЖИТС бойынша заманауи ғылыми зерттеулерді талқылап, аурудың алдын алуды жетілдіруге бағытталған ғылыми ұсыныстарын ортаға салды.

Олардың арасында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің білім алушысы Мухамбетиярова Эльнура Нұрланқызы I дәрежелі дипломмен, Kimyo атындағы Ташкент халықаралық университетінің білім алушысы Рахимбаева Сабина Бахтиярқызы II дәрежелі дипломмен, Оңтүстік Қазақстан Медициналық академиясының 4 курс студенті Бекасыл Абдижаппар мен Ургенч мемлекеттік медициналық институтының білім алушысы Муталибхонов Сарвархон Илёсханович III дәрежелі дипломмен марапатталды.
Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының 5 курс студенті Жанасбай Мерей Жанасбайқызы «Үздік баяндама», Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының 3 курс студенті Сағат Ақмерей «Үздік баяндамашы» номинациясымен марапатталды.
Конференция жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттырып, тәжірибе алмасу мен халықаралық серіктестікті дамытуға мүмкіндік берді. Іс-шараны Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының «Микробиология, аллергология және иммунология» кафедрасы ұйымдастырды.