
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында «Фармацевтік өндіріс технологиясы» кафедрасының 10 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті.
Салтанатты іс-шараны «ОҚМА» АҚ ректоры Сейтжанова Жанна Серікжанқызы құттықтау сөзбен ашып, кафедраның бүгінгі мерейтойы тек даталы күн ғана емес, ол білім мен ғылым жолындағы табанды еңбектің, үздіксіз ізденістің жемісін бағалайтын маңызды кезең екенін атап өтті.
Одан кейін сөз кезегін визитинг-профессор, SAP ABAP және интеграция саласының кеңесшісі, АТ және цифрлық трансформация маманы Ozan Celik мырза алып, академия студенттерінің ғылымға деген ынтасы мен жаңашылдыққа ұмтылысын жоғары бағалады. Сонымен қатар, білім алушылардың болашағынан зор үміт күтетінін жеткізді.
Іс-шара барысында кафедраның құрылу тарихы мен он жыл ішінде жеткен ғылыми, өндірістік жетістіктері туралы мазмұнды баяндама жасалды. Жыл сайын биіктей түскен белестер мен сол жолда қажырлы еңбек еткен ұстаздардың есімі ерекше атап өтілді.
.jpg)
Кафедраның негізін қалаушы, фармация ғылымдарының кандидаты, профессор міндетін атқарушы Торланова Ботагөз Оңғарқызы да сахнаға көтеріліп, ұжымды мерейтоймен құттықтады. Мерейтой кафедраның бұрынғы қызметкерлері мен бүгінде фармацевтік өндіріс саласында еңбек етіп жүрген түлектердің жүрекжарды бейнеқұттықтауларымен жалғасын тапты. Олар кафедра оқытушыларына алғыстарын айтып, өздерінің жылы лебіздерін жеткізді.
Салтанатты жиын студенттер арасындағы тартысты да тағылымды интеллектуалды ойынға ұласты. Сайысқа қатысқан командалар ішінен «Pharma Evolution» командасы І орынды жеңіп алды. «Vita Forse» командасы ІІ орынға, ал «Фарм Team» командасы ІІІ орынға ие болды.
