
Бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында Азиялық Ғылым Академиясының академигі, Халықаралық Ғылым Академиясы Әзірбайжан секциясы академигі, фармация ғылымдары докторы, профессор Баян Ахметқызы Сағындықованың 70 жылдық мерейтойына арналған «Фармация мамандығына адалдық» тақырыбындағы конференция және «Фармация» білім беру бағдарламасы бойынша халықаралық студенттік олимпиада басталды. Бұл іс-шарада еліміз бен шетелдің жетекші жоғары оқу орындарынан келген студенттер өз білімдері мен кәсіби шеберліктерін сынайтын болады.
Олимпиаданың негізгі мақсаты – білім беру сапасын арттыру, талантты жастардың ғылыми әлеуетін дамыту, сондай-ақ серіктес жоғары оқу орындарының білім алушылары арасында достық әрі ынтымақтастық байланыстарды нығайту. Сонымен қатар, болашақ фармацевттердің кәсіби білімін тереңдетіп, практикалық дағдыларын жетілдіруге ынталандыру да аталған іс-шараның басты міндеттерінің бірі болып табылады.

Іс-шараның ашылу салтанатында Оқу орнының академиялық жұмыстар жөніндегі проректоры Мария Ұласбекқызы Анартаева фармация ғылымдарының докторы, профессор Баян Ахметқызы Сағындықованы мерейлі жасымен құттықтап, оның фармацевтика ғылымының дамуына қосқан өлшеусіз үлесін, талай жас мамандарды тәрбиелеп, ғылым жолына бағыттаған еңбегін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, бұл іс-шараның фармацевтика саласындағы білім сапасын арттырып, халықаралық ынтымақтастықты нығайта түсетініне зор сенім білдірді.
Фармация ғылымдарының докторы, профессор Баян Ахметқызы Сағындықова өз сөзінде жастарды фармацевт мамандығына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Айта кетейік, байқауда қатысушылар фармацевтикалық химия, фармакогнозия, дәрі-дәрмек технологиясы, фармацияны басқару, сондай-ақ фармакология пәндері бойынша сайысқа түседі. Бұл пәндер фармацевт мамандығының негізін құрайтындықтан студенттерге күрделі әрі қызықты ғылыми тапсырмалар ұсынылып, олардың теориялық білімдері мен практикалық мүмкіндіктері жан-жақты бағаланады.
Олимпиада екі күнге созылады. Іс-шараны Фармация факультеті мен ҚР фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту «Даму» қауымдастығы бірлесе ұйымдастыруда.