Войти
Басты бет Академия жаңалықтары Германияның әйгілі "Isar Klini...
10 шілде 2025
4
0
0

Германияның әйгілі "Isar Klinikum" көпсалалы клиникасынан делегация келді

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясына Германияның әйгілі "Isar Klinikum" көпсалалы клиникасынан делегация келді. Мюнхен қаласында орналасқан бұл клиника Еуропадағы үздік жекеменшік емханалардың бірі ретінде танылған. Медицинаның түрлі бағыттарын қамтитын орталықта хирургия, онкология, кардиология, неврология, ортопедия сынды бөлімшелер біріктірілген. 
Қонақтар қатарында клиниканың халықаралық байланыстар жөніндегі өкілі, доктор АLT ECKHARD UDO және профессор NIKOLAI SAVTCHENKO болды. Қонақтар сапар барысында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының мұражайынан бастап, анатомиялық аудитория, оқу корпустары мен зертханалық базаларын аралады. Студенттерге жасалған жағдайлармен, профессор-оқытушылар құрамының жұмысымен және заманауи құралдармен жабдықталған тәжірибелік кабинеттермен танысты.
Кездесуге «ОҚМА» АҚ құрылтайшысы Серікжан Сейтжанов пен академия ректоры Жанна Серікжанқызы қатысты. Тараптар кәсіби білім мен тәжірибе алмасу, академиялық ұтқырлық және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру бағыттарында ынтымақтастық орнатуға ниетті екендерін білдірді.
— Қазақстандағы медициналық білім беру жүйесінің қарқынды дамып жатқаны қуантады. Мұның өз кезегінде болашақ дәрігерлердің сапалы дайындалуына үлкен мүмкіндік тудыратыны сөзсіз. Болашақта бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенімізді қуана жеткіземін, — деді АLT ECKHARD UDO. 
Айта кетейік, "Isar Klinikum" — халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсететін клиника. Мұнда шетелдік пациенттер үшін арнайы ашылған International Office бөлімшесі әкімшілік қолдау, кеңес беру және емделуді ұйымдастыру секілді қызмет түрлерін ұсынады.
Кездесу соңында тараптар медицина саласындағы үздік тәжірибелермен өзара бөлісу және ортақ жобаларды іске асыру арқылы халық денсаулығын жақсартуға үлес қосуға келісті.

Пікірлер орны (0)