
Неврология, психиатрия, реабилитология және нейрохирургия кафедрасында 5 курс студенттері — ЖМҚА-03-21, ЖМҚБ-03-21, ЖМҚА-04-21 топтарының «Ғылым. Білім. Тәжірибе: эпилепсия жөніндегі кешенді жоба» тақырыбындағы ғылыми жобасының таныстырылымы өтті. Жоба қазіргі неврологиядағы өзекті әрі әлеуметтік маңызы жоғары аурулардың бірі — эпилепсияны жан-жақты зерттеуге бағытталды.
Студенттер эпилепсияның заманауи жіктелуі, этиологиясы, патогенезі, клиникалық көріністері мен диагностикалық әдістері туралы жаңартылған мәліметтерді ұсынды. Сонымен қатар ауруды емдеудің негізгі тәсілдері, медикаментозды терапияның ерекшеліктері, заманауи емдік мүмкіндіктері және науқастарды жүргізудің принциптері қарастырылды.
Жобаның практикалық бөлімі интерактивті Kahoot ойынын, блиц-сұрақтарды, сондай-ақ студент-волонтердің қатысуымен генерализацияланған тонико-клоникалық эпилептикалық ұстаманың моделін көрсетуді қамтыды. Осыдан кейін алғашқы көмек көрсету алгоритмі егжей-тегжейлі талқыланды. Мұндай формат студенттердің теориялық білімін бекітіп қана қоймай, клиникалық тәжірибеге қажетті дағдыларды дамытуға мүмкіндік берді.
Жоба аясында эпилепсия туралы ақпараттық кітапша әзірленді. Онда аурудың белгілері, эпилепсияға қатысты мифтер мен шынайы деректер, сондай-ақ ұстама кезінде көрсетілетін алғашқы көмек бойынша ұсыныстар жинақталған. Материал студенттерге, болашақ дәрігерлерге және кең аудиторияға арналған. Неврология, психиатрия, реабилитология және нейрохирургия кафедрасының оқытушылары ғылыми жобаны әзірлеу мен өткізуде белсенді түрде жетекшілік етті:
• Доценттер: Мустапаева Г.А., Еркебаева С.К., Полукчи Т.В.
• Ассистенттер: Толебаева Г.Е., Есетова А.А., Мусаева С.К., Раманова Г.Б.
Оқытушылар студенттерге теориялық және практикалық мәселелер бойынша кеңес беріп, ғылыми материалды құрылымдауға және баяндама дайындауға көмек көрсетті.
Бұл жоба кафедраның білім беру іс-әрекетіне елеулі үлес қосып, студенттердің жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетті және клиникалық неврологияда жұмыс істеуге қажетті маңызды кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік берді.