Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары «Хирургия және онкология» кафе...
21 қазан 2026
1
0
0

«Хирургия және онкология» кафедрасында «Адалдық сағаты» тақырыбында дәріс өткізілді

«Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ «Хирургия және онкология» кафедрасының ұйымдастыруымен 2026 жылғы 20 қазанда «Нұрғазы» клиникасының базасында интернатура білім алушыларының академиялық адалдық мәдениетін нығайту, кәсіби этикалық құндылықтарын қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын дамыту мақсатында «Адалдық сағаты» тақырыбында дәріс өткізілді.
Дәрісті кафедра оқытушысы Аширов Бауыржан Отарбаевич интернатураның ІХҚ-06-26 тобының білім алушыларына өткізді.
Дәрістің мақсаты – болашақ дәрігерлердің кәсіби даярлығын адамгершілік құндылықтармен ұштастыру, академиялық адалдық қағидаттарын саналы түрде ұстануға бағыттау, құқықтық мәдениет пен жеке жауапкершілікті арттыру, медициналық қызметте әділдік пен кәсіби этиканы сақтаудың маңыздылығын түсіндіру.


Дәріс барысында жоғары медициналық білім беру жүйесіндегі академиялық адалдықтың орны, оның сапалы білім мен кәсіби құзыреттілікті қалыптастырудағы рөлі жан-жақты қарастырылды.
Оқытушы академиялық адалдықтың тек оқу тәртібін сақтаумен шектелмейтінін, оның болашақ дәрігердің кәсіби дүниетанымын, ар-ожданын және қоғам алдындағы жауапкершілігін айқындайтын маңызды құндылық екенін атап өтті. Білімді өз бетінше меңгеру, оқу жетістіктерін объективті бағалау, плагиат пен өзге де академиялық құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне назар аударылды.
Дәрісте медициналық этика мен деонтология талаптары, пациенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, дәрігерлік құпияны сақтау және клиникалық қызметте жауапты шешім қабылдау мәселелері талқыланды.


Дәрігер мамандығы терең білім мен практикалық дағдыны ғана емес, адам өміріне құрметпен қарауды, мейірімділік пен әділдікті талап етеді. Сондықтан болашақ маманның кәсіби беделі оның біліктілігімен қатар, адалдығы және пациент сенімін ақтай білуімен өлшенетіні түсіндірілді.
«Адалдық сағаты» аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заңдылық пен ашықтық қағидаттарын сақтау, құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелері қамтылды.
Интерндерге сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік таныту, академияның ішкі тәртіп ережелерін және кәсіби мінез-құлық нормаларын сақтау, қызметтік міндеттерді адал орындау қажеттігі түсіндірілді.


Дәріс барысында медициналық білім мен адамгершілік тәрбиенің өзара байланысына ерекше мән берілді. Білім алу кезеңінде қалыптасқан адалдық, тәртіп және жауапкершілік қағидаттары болашақ дәрігердің клиникалық тәжірибесінде де маңызды орын алады.
Осындай мазмұндағы дәрістер білім алушылардың кәсіби дүниетанымын кеңейтуге, азаматтық ұстанымын нығайтуға және пациент мүддесін жоғары қоятын, қоғам сеніміне лайық медицина маманы ретінде қалыптасуына ықпал етеді.
«ОҚМА» АҚ «Хирургия және онкология» кафедрасында өткізілген дәріс академиялық адалдық, кәсіби этика және құқықтық мәдениет қағидаттарының болашақ дәрігерлерді даярлаудағы маңыздылығын айқындады.
Аталған дәріс сапалы медициналық білім беруді адамгершілік тәрбиемен ұштастыруға, кәсіби жауапкершілікті нығайтуға және парасатты, білікті медицина мамандарын қалыптастыруға бағытталған тәрбие жұмыстарының маңызды бөлігі болып табылады.

Пікірлер орны (0)