
Бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының қазақ, орыс және латын тілдері кафедрасы Шымкент қалалық жастар кітапханасымен бірлесе отырып, көрнекті композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеевтің туғанына 80 жыл толуына арналған «Көңілдің кілті – әуенде» атты еске алу кешін ұйымдастырды. Тағылымды шараның басты мақсаты – сазгердің мол мұрасын насихаттау, оның қазақ музыка өнеріне қосқан зор үлесін жас ұрпаққа таныстыру және рухани құндылықтарды дәріптеу болды. Кеш барысында композитордың шығармашылық жолы, ұлттық музыка өнеріндегі қолтаңбасы мен ел жүрегінен орын алған әндері жайлы мазмұнды деректер айтылды. Кеш қонақтары қатарында Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Шымкент қалалық филармониясының әншісі Айжан Тәженова, Саз колледжінің кітапханашысы Жұматаева Ақмарал және академия білім алушылары болды. Әсіресе, Айжан Рахымғалиқызының орындауындағы сазгердің жүрекке жылы, сырлы әндері кеш көркін қыздырып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Ән мен әуенге толы әсерлі сәттер қатысушыларды рухани тереңдікке жетелеп, композитор шығармашылығына деген құрметті арттыра түсті.
