
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасына сәйкес «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ ЖРВИ аурушаңдығының өсу қаупіне байланысты медициналық ұйымдарға практикалық көмек көрсету мақсатында көпсалалы мамандар тобын құрды.
Аталған топтың құрамына инфекционист, акушер-гинеколог, реаниматолог-анестезиолог, пульмонолог, сондай-ақ клиникалық кафедралардың мол практикалық тәжірибесі бар профессор-оқытушылар енді.
2025 жылдың 10 желтоқсанында академияның көпсалалы командасы Шымкент қаласындағы екі медициналық ұйымға көшпелі жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына барған мамандар (Абуова Г.Н., Кулбаева С.Н., Алдешев А.А., Аширов Б.А., Пернебеков Е.М.) инфекционист дәрігерлерге консультациялық көмек көрсетті.
Сонымен қатар, сол күні Шымкент қалалық перзентханада (Абуова Г.Н., Тлеужан Р.Т., Алдешев А.А., Асанова Г.К., Пернебеков Е.М.) жүкті әйелдер мен босанған аналардың жағдайына мониторинг жүргізілді. Медициналық көмектің сапасын арттыру бойынша ұсыныстар беріліп, медицина қызметкерлерімен бірге күрделі клиникалық жағдайларды талдады.
Бүгін аталған көпсалалы команда Түркістан облысы Сайрам аудандық орталық ауруханасына және «Қарабұлақ» Сайрам аудандық ауруханасына барып, медицина қызметкерлеріне практикалық және әдістемелік көмек көрсетті.
Мұндай көшпелі жұмыстар медициналық көмектің сапасын арттыруға және медициналық ұйымдар арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.