Войти
Басты бет Академия жаңалықтары «Мегаполис денсаулық сақтау са...
13 қараша 2025
7
1
0

«Мегаполис денсаулық сақтау саласын жаңғырту»

Бүгін Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы мен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы бірлесе отырып, аталмыш оқу орнында «Мегаполис денсаулық сақтау саласын жаңғырту» тақырыбында жиын ұйымдастырды. Бұл іс-шара қаладағы медициналық мекеме мамандарының бас қосып, ашық пікір алмасуына, тәжірибе бөлісуіне және денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге  мүмкіндік берді.
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы «Отбасы медицинасы» кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қауызбай Жұмалы Әріпбайұлы модератор болды.
Жиында мазмұнды баяндамалар оқылып, әр қатысушы өз тәжірибесі мен ұсыныстарын ортаға салды. Алғашқы сөз кезегі қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Абдуллаев Бахытжан Жүсіпәліұлына берілді. Абдуллаев Бахытжан Жүсіпәліұлы халық денсаулығын нығайту бағытындағы мемлекеттік бастамалар мен аймақтық жобалар туралы айтып, мегаполистік медицина жүйесін жаңғыртудағы жаңа бағыттарға тоқталды.
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ғылыми және стратегиялық даму жөніндегі проректоры Нұрлан Аукенов медициналық білім мен ғылымның даму үрдістері, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен практикалық медицина арасындағы байланысты күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

Семинарда «Жалпы тәжірибелік дәрігер – 2» кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс профпатологы Гүлжан Досыбаева жалпы тәжірибелік дәрігерлердің рөлі жайлы, ал «Жалпы тәжірибелік дәрігер және дерматовенерология» кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Гүлмира Датқаева мегаполис денсаулық сақтау саласын жаңғыртуда жоғары оқу орындарының кадрларды даярлаудағы рөлі туралы баяндама жасады. 
Жиын барысында №7 қалалық емхананың бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығы жөніндегі орынбасары Мархабат Кошимбетова Шымкент қаласындағы денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. №3 қалалық емхананың бас дәрігерінің сапа жөніндегі орынбасары Ақмарал Нұрлан Шымкент қаласындағы медициналық ұйымның жұмысын жаңғырту бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. 
Жиын соңында қатысушылар денсаулық сақтау саласын жаңғырту бойынша пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды. Қорытындылай келе айтарымыз, мұндай кездесулер сала мамандарының тәжірибе мен білім алмасуына, жаңа идеяларды іске асыруына септігін тигізіп, денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға жол ашады.

Пікірлер орны (0)