
13.05.2026 ж. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы қазақ, орыс және латын тілдері кафедрасының ұйымдастыруымен ВМ-МҚБ-07-25, ВМ-МҚ-10-25 топ студенттері арасында «Мықты отбасы – қоғамның берік тұғыры» атты эссе жазу байқауы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында отбасы құндылықтарын дәріптеу, ата-анаға деген құрметті арттыру, ұлттық тәрбиені насихаттау және студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыту болды. Байқау барысында қатысушылар отбасының адам өміріндегі орны, қоғамдағы рөлі, сыйластық пен татулықтың маңыздылығы туралы өз ойларын әсерлі жеткізді. Студенттер өз эсселерінде отбасы – әр адамның өміріндегі ең қымбат құндылық екенін атап өтіп, берекелі жанұя қоғамның дамуына негіз болатынын көрсетті. Сонымен қатар, қатысушылардың шығармашылық ізденістері мен ой ұшқырлығы ерекше бағаланды. Байқау соңында үздік жұмыстар анықталып, жеңімпаз студенттер арнайы дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды. Осындай тәрбиелік мәні зор шаралар студент жастардың рухани дамуына оң әсерін тигізіп, отбасы институтының маңызын терең түсінуге мүмкіндік береді.