
Бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы жанындағы колледжде «Нөлдік төзімділікті қалыптастыру, адамның құқығын қорғау және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Іс-шараны колледждің Психологиялық қызметі мен Жастар саясаты бөлімі бірлесіп ұйымдастырды.
Семинардың мақсаты – білім алушыларға қауіпсіз, әділ әрі жауапты қоғам құрудың маңызын түсіндіру. Себебі нөлдік төзімділік, адам құқықтарын қорғау және әлеуметтік жауапкершілік – кез келген өркениетті қоғамның негізгі тірегі. Семинар барысында Психологиялық қызметтің психологы Аза Мирсадыкова әр ұғымға жеке-жеке тоқталып, оны қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндіріп өтті.
«Нөлдік төзімділік – бұл қоғамға зиян келтіретін кез келген теріс әрекеттерге көз жұма қарамау деген сөз. Яғни, заң бұзушылыққа, әділетсіздікке, зорлық-зомбылыққа, парақорлыққа немесе кемсітушілікке мүлдем жол бермеу. Егер әр адам осындай теріс құбылыстарға бей-жай қарамаса, қоғамда тәртіп пен қауіпсіздік нығая түседі.
Адам құқығын қорғау – демократиялық қоғамның басты қағидаларының бірі. Заң алдында бәрі тең. Әрбір адамның ұлтына, жынысына, дініне немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан құқығы қорғалуы тиіс. Сонымен қатар, азаматтар өз құқықтарын қорғай алатын мекемелер мен ұйымдардың қолжетімді, ашық әрі түсінікті жұмыс істеуі де маңызды.
Әлеуметтік жауапкершілік – әр адамның қоғам алдындағы міндетін сезінуі. Бұл тек жеке тұлғаға ғана емес, компаниялар мен мемлекеттік органдарға да қатысты. Әрқайсымыз өз іс-әрекетіміздің өзгелерге әсер ететінін түсініп, адал, саналы шешім қабылдауға тырысуымыз керек. Қоғамға пайдалы болу, заңды сақтау, айналаға құрметпен қарау әлеуметтік жауапкершіліктің көрінісі» деді Аза Мирсадыкова.
Семинар барысында қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, түрлі жағдайларды талқылады. Осындай іс-шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға ықпал етеді.