Войти
Басты бет Академия жаңалықтары «Өмір – ең үлкен құндылық» тақ...
6 ақпан 2026
1
0
0

«Өмір – ең үлкен құндылық» тақырыбында кездесу өтті

Бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында «Өмір – ең үлкен құндылық» тақырыбында құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен психологтардың қатысуымен кездесу өтті. 
Іс-шараның мақсаты жастар арасында суицид, буллинг, лудомания, отбасындағы зорлық-зомбылық, интернет және кибер алаяқтықтың алдын алу, сондай-ақ психологиялық қауіп-қатерлер туралы ақпарат беріп, қиын жағдайда көмекке жүгіну дағдыларын қалыптастыру болды.
Кездесуде Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы прокуратурасының прокуроры Асқар Тұрдымұратұлы Алимбеков кибербуллингтің түрлері, оның заң алдындағы жауапкершілігі және одан қорғану жолдары туралы баяндама жасады.
Шымкент қалалық полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Мақсат Қалыбайұлы Шегірбай интернет және ұялы телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың түрлері, олардың алдын алу тәсілдері жөнінде әңгімеледі.
Ал, Шымкент ҚПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Гульвира Төлепбергенқызы Бектемисова отбасындағы зорлық-зомбылықтың салдары, жәбірленушілерге көрсетілетін көмек және құқықтық тетіктер туралы ақпарат берді. 
Мұнан кейін PhD, философия докторы, доцент, тәжірибелі психолог, гештальт-терапевт Салтанат Сайлауқызы Асанова психологиялық күйзелістердің алдын алу, эмоционалдық тұрақтылықты сақтау және қиын жағдайларда көмекке жүгінудің маңыздылығына тоқталды.
Кездесу соңында қатысушылар мамандарға өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды.

Пікірлер орны (0)