
2026 жылғы 23 қыркүйекте Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығында өткен HackAlem AI халықаралық хакатонында «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ атынан «SKMA–MedMind» және «SKMA–Tamyr» командалары бақ сынады.
Бұл дода Қазақстанның технологиялық қауымдастығы үшін ерекше жетістікпен есте қалды: HackAlem AI агенттік жасанды интеллект хакатонына қатысушылар саны бойынша «GUINNESS WORLD RECORDS» әлемдік рекордын орнатты! Рекорд талаптарын орындаған 2 415 қатысушының нәтижесін ресми төреші Гленн Поллард растады. Осылайша, жаңа нәтиже Үндістанда Google for Developers және Google Developer Groups Hyderabad ұйымдастырған хакатонның 2 089 адамдық көрсеткішінен 326 қатысушыға асып түсті.
HackAlem AI-ге қатысу үшін 6 586 өтінім беріліп, Астанадағы додаға 21 елден 2 500-ге жуық адам жиналды.
Қазақстандық жоғары оқу орындары да бастамаға зор қызығушылық танытты. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, еліміздің 129 жоғары оқу орнының студенттерінен шамамен 5 мың өтінім түскен. Осындай ауқымды халықаралық іс-шараға академиямыздың бірден екі командасының қатысуы — біз үшін үлкен мақтаныш!
Бес сағат — нақты міндеттерге арналған жаңа шешімдер
Қатысушылар бес сағат ішінде энергетика, қаржы, басқару, телекоммуникациялар, логистика, білім беру, инновациялар, коммуникациялар, сауда және креативті индустриялар бағыттарындағы нақты міндеттерге арналған AI-шешімдер әзірледі.
Хакатонның халықаралық серіктестері қатарында OpenAI, NVIDIA, Arizona State University және Palo Alto Networks болды. Министрліктің мәліметінше, қатысушыларға жалпы құны 1,5 млн АҚШ долларына дейінгі технологиялық және білім беру ресурстарын пайдалану мүмкіндігі берілді. Үздік жобаларға арналған 200 мың долларлық жүлде қорының 100 мың доллары технологиялық ресурстар түрінде, қалған 100 мың доллары Astana Hub тарапынан ұсынылатыны жарияланды.
Академиямыздың намысын қорғаған мамандар

SKMA–MedMind командасы:
1. Уксикбаев Мақсат Турарович — КТИЦ басшысы;
2. Нурпеисов Айбек Сенбекович — цифрлық офицер;
3. Воронин Никита Денисович — әзірлеу жөніндегі жетекші маман.

SKMA–Tamyr командасы:
1. Арынбаев Сабыржан Абылайханұлы — киберқауіпсіздік және ақпараттық жүйелерді қорғау маманы;
2. Оралбаев Мақсат Маратович — әзірлеу жөніндегі жетекші маман
3. Байқонысов Ерсұлтан Омарұлы — телекоммуникациялар және байланыс жөніндегі жетекші инженер;
Хакатон барысында академия мамандары озық жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеп, қысқа мерзімде идеяны технологиялық шешімге айналдыру тәжірибесін шыңдады. Отандық және шетелдік IT-мамандарымен кәсіби байланыс орнатып, білімдері мен тәжірибелерін кеңейтті.
Әлемдік рекорд тіркелген халықаралық додаға қатысу — академиямыздың цифрлық мүмкіндіктерін дамытуға және инновациялық шешімдерді медицина мен білім беру салаларына енгізуге ұмтылысының көрінісі.
Екі команда. Алты маман. Академиямыздың ортақ мақтанышы!
Әріптестеріміздің кәсіби шеберлігін, ізденісін және жаңашылдыққа деген құштарлығын мақтан тұтамыз! Алдағы жобаларыңыз табысты болып, жинаған тәжірибелеріңіз академиямыздың дамуына қызмет ете берсін!
Біздің күшіміз — білімде, бірлікте және инновацияда!