Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының «Фармация» білім беру бағдарламасының 4 курс білім алушылары екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандум аясында Сеченов университетінің А.П. Нелюбин атындағы Фармация институтында «Дәрілік заттардың сапасын бақылау және стандарттау» өндірістік практикасынан сәтті өтті.

Практиканттарды А.П. Нелюбин атындағы Фармация институтының директоры, фармацевтика ғылымдарының докторы, профессор Г.В. Раменская жылы қарсы алып, фармацевтика саласының білікті мамандарын даярлауда халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Практика бағдарламасы дәрілік заттарды әзірлеу, тіркеу, стандарттау және сапасын бақылаудың заманауи мәселелеріне арналған дәрістер мен зертханалық сабақтарды қамтыды. Практика жетекшілері – фармацевтика ғылымдарының кандидаты, доцент Е.С. Мельников және фармацевтика ғылымдарының кандидаты, доцент Е.Н. Фишердің жетекшілігімен студенттер функционалдық талдау, спектрофотометрия, поляриметрия және титриметриялық талдау әдістерін меңгерді. Сонымен қатар, олар заманауи аналитикалық жабдықтармен жұмыс істеу дағдыларын игеріп, жоғары тиімді сұйықтық хроматографиясы–тандемді масс-спектрометрия әдісі бойынша практикалық жұмыстар орындады.

Сеченов университетінің жетекші ғалымдары мен оқытушыларының дәрістері студенттердің ерекше қызығушылығын тудырды. Фармацевтика ғылымдарының кандидаты, доцент О.Ю. Щепочкина дәрілік заттарды әзірлеу мен сараптаудың заманауи тәсілдерін, сондай-ақ Ресей Федерациясы Мемлекеттік фармакопеясының XV басылымын қолдану ерекшеліктерін таныстырды. Заманауи биологиялық дәрілік препараттарды әзірлеу мәселелеріне арналған дәрісті профессор В.В. Смирнов оқыды. Биология ғылымдарының докторы, профессор М.В. Белова студенттерді жедел улануларды диагностикалау кезіндегі химия-токсикологиялық талдаудың өзекті мәселелерімен таныстырды.

Практиканың екінші аптасы Фармацевтикалық аналитика орталығының (ФАО) базасында өтті. Зерттеу орталығына экскурсияны орталық директоры Т.Н. Комаров жүргізді. ФАО-ның бас директоры И.Е. Шохин дәрілік заттарды әзірлеу барысында in vitro зерттеулерін жүргізудің заманауи тәсілдері туралы дәріс оқып, ғылыми-зерттеу және баспа қызметінде жасанды интеллектті пайдалану бойынша шеберлік сабағын өткізді. Практикалық сабақтар иммуноферменттік талдау әдістеріне және биологиялық сұйықтықтарды зерттеуге дайындау (сынама дайындау) үдерістеріне арналды.

«Фармацевтикалық зерттеулер зертханасы» ЖШҚ-да студенттерді ОҚМА-ның фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының көпжылдық серіктесі, химия ғылымдарының кандидаты Т.А. Родина қарсы алды. Экскурсия барысында білім алушылар зертхананың қызмет бағыттарымен және заманауи аналитикалық жабдықтарымен танысты. Практикалық бөлім дәрілік препараттардың еру кинетикасын салыстырмалы бағалау сынақтарын зерттеуге арналды. Бұл жұмыстар автоматтандырылған және қолмен басқарылатын еріту тестерлерін пайдалану арқылы жүргізілді.

Практика белсенді ғылыми қызметпен қатар жүрді. Халықаралық қатысумен өткен жас ғалымдардың X ғылыми-практикалық конференциясы «DRUG – дәрі ме, әлде...? Аудармадағы қиындықтар» қорытындысы бойынша ауызша баяндамалар секциясында Абдрахманова А., Өмірзақ Н. және Нұржанбек Е. бірінші орынға ие болды. Ал, Вахапов Ж. мен Ақбердиева Б. постерлік баяндамалар байқауында жүлделі үшінші орынды иеленді.

Тағы бір маңызды жетістік – ОҚМА студенттерінің Ресей мен шетелдердің 100-ден астам студентін біріктірген халықаралық қатысумен өткен Бүкілресейлік органикалық химия олимпиадасына қатысуы болды. Олимпиаданың жеңімпазы Нұржанбек Еркебұлан атанса, Вахапов Жахонгир мен Ақбердиева Бибіжамал жүлдегерлер қатарынан көрінді.


Мәдени бағдарлама да мазмұнды әрі әсерлі болды. Студенттер Мәскеудегі Қызыл алаңды, «Чистые пруды» саябағын, Абай Құнанбайұлының ескерткішін, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігін, ВДНХ көрме кешенін, Мемлекеттік Третьяков галереясын, «Москва-Сити» іскерлік орталығын, Ескі Арбатты және Мәскеудің басқа да көрікті жерлерін аралады.

Практика қорытындысы бойынша барлық білім алушылар қорытынды аттестаттаудан сәтті өтті. Практиканың аяқталу салтанатты рәсімі Сеченов университетінің Конгресс-холлында өтті. Іс-шара барысында халықаралық бөлімнің маманы Л.Н. Вихрова студенттерге практикадан өткені туралы сертификаттар мен естелік сыйлықтарды табыстады.

Алған тәжірибе ОҚМА студенттеріне кәсіби құзыреттерін кеңейтуге, фармацевтикалық талдаудың озық технологияларымен танысуға және Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы мен Сеченов университеті арасындағы халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді.
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы Сеченов университетінің басшылығына, А.П. Нелюбин атындағы Фармация институтына, профессор-оқытушылар құрамына, халықаралық бөлім қызметкерлеріне, ғылыми-зерттеу орталықтары мен бейінді зертханалардың мамандарына өндірістік практиканы жоғары деңгейде ұйымдастырғаны, кәсібилігі, жан-жақты қолдауы және жылы қабылдауы үшін шынайы алғысын білдіреді. Сондай-ақ, білім алушылардың кәсіби дамуына, академиялық ұтқырлықты нығайтуға және жоғары оқу орындарымыз арасындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететін халықаралық практикадан өту мүмкіндігін ұсынған Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының басшылығына ерекше ризашылығымызды білдіреміз.