
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында «Жұмыс берушілермен медицина мамандарын даярлаудағы серіктестік: білім беру, тәжірибе және ғылым» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.
Іс-шараға Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Мархабайұлы Байдуалиев, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Инна Михайловна Глазебная, Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Талғат Құттыбайұлы Серманизов, сондай-ақ өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары қатысты.
Жиынды оқу орнының ректоры Сейтжанова Жанна Серікжанқызы ашып, медицина саласындағы өзекті мәселелердің бірі білікті медициналық кадрларды даярлау және білім беру ұйымдары мен медициналық мекемелер арасындағы байланысты дамыту қажеттігін атап өтті.
– Біз клиникаға келетін жас мамандардың кәсіби деңгейін арттыру жолдарын бірлесіп талқылау үшін жиналып отырмыз. Осындай іс-шаралар академиядағы білім беру үдерісі мен клиникадағы практикалық қызметтің біртұтас жүйеде жүзеге асуына ықпал етеді деп үміттенемін, – деді ректор.

Жиында оқу орнының академиялық жұмыстар жөніндегі проректоры, м.ғ.д., профессор Анартаева Мария Ұласбекқызы модератор болды. «Дөңгелек үстел» барысында бірқатар өзекті баяндамалар тыңдалды. Атап айтқанда, медицина факультетінің деканы Сейдахметова Айзат Әшімханқызы «Еңбек нарығы сұранысына бейімделген медицина мамандарын даярлаудағы өзекті мәселелер» тақырыбында сөз сөйледі. Ал, интернатура деканы Кемелбеков Қанатжан Сауханбекұлы бітіруші түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштерін талдады.
Резидентура деканы міндетін у.а. Айтен Майра Бағыстанқызы резидентура деңгейіндегі білім беру бағдарламаларына тоқталса, құзыреттілік және қосымша кәсіби білім беру орталығының басшысы Кенесова Күлжәмила Жұманқызы денсаулық сақтау саласындағы қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыру мәселелерін көтерді.
Дөңгелек үстел барысында медицина мамандарын даярлаудың өзекті мәселелері, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштері, резидентура және қосымша білім беру бағдарламалары талқыланды. Сонымен қатар бакалавриат, резидентура, магистратура және докторантура білім беру бағдарламаларының миссиялары мен оқыту нәтижелеріне қатысты ұсыныстар берілді.
Жиын соңында медицина ұйымдарының басшылары тарапынан сұрақтар қойылып, өзара пікір алмасу өтті. Қатысушылар өз мекемелеріне қажетті мамандар туралы ұсыныстарын білдіріп, болашақта академиямен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендерін жеткізді.
Іс-шара қорытындысы бойынша резолюция қабылданып, қатысушылар сауалнама толтырды
