Войти
Басты бет Академия жаңалықтары ОҚМА-да құқықтық сауаттылықты...
31 қазан 2025
2
0
0

ОҚМА-да құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған жиын өтті

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында бүгін тағы да «Заң және тәртіп» тұжырымдамасында көрсетілген басым бағыттарды жүзеге асыру мақсатында кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты – студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оқу орнындағы тәртіп пен академиялық адалдық қағидаттарын нығайту.
Жиынға академияның комплаенс офицері Пернебаев Нұрғали Әлиханұлы, жастар саясаты бөлімінің басшысы Тасжанов Берік Рахманәліұлы, жастар саясаты бөлімінің эстетикалық және әлеуметтік жұмыстар бойынша маманы Жиенбек Дәуренбек Жәнібекұлы, сонымен қатар, «ОҚМА» АҚ жанындағы медицина колледжінің 1-курс студенттері қатысты. Нұрғали Әлиханұлы студенттерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және алаяқтық әрекеттерден сақтану жолдары туралы айтты. Нақты мысалдар келтіре отырып, білім алушылардың қандай жағдайда оқудан шығарылуы мүмкін екенін ескертті. Ал, Берік Рахманәліұлы академиядағы тәрбие жұмыстары мен жастар саясатының бағыттары туралы айтып, студенттерді академия өміріне белсенді түрде араласуға шақырды. Академиядағы 12 студенттік ұйымның олардың бос уақытын тиімді өткізуге, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға және қоғамдық белсенділіктерін арттыруға мүмкіндік беретінін жеткізді. Жиенбек Дәуренбек Жәнібекұлы студенттерге арналған GPА платформасы жайлы ақпарат берді. Аталмыш платформаның студенттің қоғамдық жұмыстарға белсенділігін бағалаудағы рөлін түсіндіріп, іс-шараларға қатысқан мәліметтер мен ғылыми мақалаларды жүйеге қалай жүктеу керектігін көрсетті. Академияның студенттік ректоры Асқар Мерей Еламанқызы оқу орнындағы 12 студенттік ұйымның қызметі мен олардың атқаратын рөлі жайында кеңінен айтып берді. Кездесу соңында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.

Пікірлер орны (0)