2026 жылғы 09–20 ақпан аралығында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының «Фармация» білім беру бағдарламасының 3-курс докторанты Қарабаева Айнур Нысанбекқызы Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласындағы «Фармацевтикалық аналитика орталығы» ЖШҚ зерттеу орталығы базасында академиялық ұтқырлық бағдарламасынан өтті. Бағдарлама гибридті форматта (онлайн және офлайн) жүзеге асырылды.
Тағылымдама бағдарламасы дәрілік заттың өмірлік цикліндегі GMP және GLP талаптарын, GxP жүйесінің қағидаттарын, реттеушілік архитектураны (ICH, EMA, ЕАЭО), аналитикалық зертхананы ұйымдастыруды, сынама дайындау мен әдістемелерді валидациялауды, OOS және OOT жағдайларын зерттеуді, сондай-ақ аналитикалық рәсімдерді (ЖЖХ – жоғары тиімді сұйықтықтық хроматография, УК-спектрофото-метрия) тәжірибелік іске асыруды терең зерделеуге бағытталды. GMP/GLP инспекциялары мен аудиттері жүйесіндегі аналитиктің рөліне ерекше назар аударылды.

Тағылымдаманың офлайн кезеңінде докторант 2026 жылғы 17–18 ақпанда Мәскеу қаласындағы Сеченов университетінің Конгресс-орталығында өткен XIX «Дәрілік заттарды әзірлеу және тіркеу» Конгресіне қатысты. Конгресс ғылыми қауымдастық, фармацевтикалық индустрия, реттеуші органдар және сарапшылық ұйымдар өкілдерін біріктірді.
Маңызды оқиғалардың бірі – II Жастар лигасы «Дәрілік заттарды әзірлеу және тіркеу» – «Фармацевтикалық ғылым мен тәжірибенің жаңа көкжиектері» секциясына қатысу болды. Аталған алаңда дәрілік заттарды әзірлеу мен бағалаудың заманауи тәсілдеріне арналған жас ғалымдардың ғылыми баяндамалары ұсынылды.
Қарабаева А.Н. «Оңтүстік Қазақстанның перспективті дәрілік өсімдіктерінің терапевтикалық әлеуетін in silico бағалау» тақырыбында баяндама жасады.

Зерттеу барысында Mausolea eriocarpa және Bryonia alba өсімдіктерінің биологиялық белсенді қосылыстарының (галл қышқылы, кверцетин, гирсутрин, кукурбитацин I) қабыну, метаболикалық және онкологиялық аурулармен байланысты негізгі ақуыздық нысандармен молекулалық өзара әрекеттесуін модельдеу нәтижелері ұсынылды.
Алынған нәтижелер Оңтүстік Қазақстан флорасының зерттеліп отырған өсімдіктері жаңа дәрілік заттарды әзірлеуге арналған биологиялық белсенді қосылыстардың әлеуетті көзі болып табылатынын растады.
II Жастар лигасының қорытындысы бойынша Қарабаева А.Н. арнайы сыйлыққа ие болып, «Фармацевтикалық аналитика орталығы» ЖШҚ-ның сертификатталған GLP-зерттеу орталығында тегін тағылымдамадан өтуге сертификат алды. Бұл ұсынылған ғылыми жұмыстың жоғары деңгейде бағаланғанын көрсетеді.

Академиялық ұтқырлық фармацевтикалық әзірлеме, реттеушілік ғылым және дәрілік заттардың сапасын аналитикалық бақылау салаларындағы кәсіби құзыреттерді кеңейтуге, сондай-ақ халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.
«Фармацевтикалық аналитика орталығы» ЖШҚ ұжымына, атап айтқанда бас директор И.Е. Шохинге және зерттеу орталығының директоры Т.Н. Комаровқа академиялық ұтқырлықты жүзеге асыруға мүмкіндік бергені, жоғары деңгейдегі ғылыми кеңес беруі мен кәсіби қолдауы үшін ерекше алғыс білдіреміз.
Сондай-ақ XIX «Дәрілік заттарды әзірлеу және тіркеу» Конгресінің ұйымдастырушыларына және ЮКМА ректоры Сейтжанова Ж.С.-ға ғылыми бастамаларды қолдағаны және ғылым мен индустрия өкілдері арасындағы кәсіби диалог алаңына айналған ауқымды іс-шараға қатысуға жәрдемдескені үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз.