
2026 жылғы 5–16 қазан аралығында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының фармакология, фармакотерапия және клиникалық фармакология кафедрасының 2-курс магистранты Есенгелді Әсел Серікбайқызы Тәжікстан Республикасының Душанбе қаласындағы Әбуәли ибн Сино атындағы Тәжік мемлекеттік медицина университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті.
Тағылымдама «Қантты диабетке қарсы дәрілік өсімдік жиынтығын қолдануды фармакологиялық негіздеу» тақырыбындағы магистрлік диссертация аясында Әбуәли ибн Сино атындағы Тәжік мемлекеттік медицина университетінің фармакология кафедрасында, сондай-ақ аталған университет жанындағы Іргелі медицина ғылыми-зерттеу институтының ғылыми-зерттеу бөлімінде өткізілді.
Тағылымдаманың негізгі мақсаты әзірленген дәрілік өсімдік жиынтығының гипогликемиялық белсенділігін бағалау бойынша эксперименттік зерттеулер жүргізу болды. Тағылымдама барысында магистрант өсімдік тектес препараттардың қандағы глюкоза деңгейіне әсерін зерттеу әдістерімен танысып, эксперименттік зерттеулер жүргізуге қатысты.
Ғылыми тағылымдама эксперименттік фармакология саласындағы кәсіби білімді тереңдетуге, практикалық дағдыларды жетілдіруге және Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы мен Әбуәли ибн Сино атындағы Тәжік мемлекеттік медицина университеті арасындағы халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.
Магистрант университет басшылығына, ғылыми жетекшілерге және ТММУ фармакология кафедрасының қызметкерлеріне кәсіби қолдау көрсеткені және ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуге көмектескені үшін алғысын білдіреді.
