Войти
Басты бет Академия жаңалықтары ОҚМА және Сеченов Университеті...
20 қараша 2025
1
0
0

ОҚМА және Сеченов Университеті: ғылыми-білім беру ынтымақтастығы

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы мен И.М. Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу мемлекеттік медицина университеті арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумды іске асыру шеңберінде ОҚМА фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасы өкілдерінің кешенді жұмыс сапары ұйымдастырылды. Іс-сапар бағдарламасына академиялық ұтқырлықты нығайтуға, ғылыми интеграцияны кеңейтуге және фармацевтика саласындағы халықаралық серіктестікті дамытуға бағытталған білім беру, ғылыми-зерттеу және ұйымдастырушылық іс-шаралар енді.
Кафедра меңгерушісі, профессор Ордабаева С.К. және қауымд. профессор Серікбаева А.Д. Сеченов Университетінің А.П. Арзамасцев атындағы фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасында білім беру үдерісіне қатысты. Жұмыс кездесулері мен практикалық сабақтар барысында фармацевтикалық бағыттағы мамандарды даярлаудың заманауи білім беру тәсілдері, оқу үдерісіне инновациялық технологияларды енгізу, білім беру бағдарламаларын үйлестіру, біліктілік моделін қалыптастыру және оқу-әдістемелік материалдарды бірлесе әзірлеу мүмкіндіктері талқыланды.

 
ОҚМА өкілдері дәрілік заттарды талдаудың заманауи стратегияларына, ксенобиотиктердің химия-токсикологиялық талдауындағы жаңа үрдістерге, сондай-ақ дәрілік препараттарды стандарттау әдістеріне арналған дәрістер оқыды. Талқылау барысында аналитикалық платформаларды, заманауи талдау әдістерін және цифрлық құралдарды қолдану тәжірибесімен алмасу жүзеге асырылды.


Іс-сапардың маңызды бөлігі «Фармацевтикалық экологиядағы интеграциялық байланыстар - 2025» III Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысу болды. Конференция аясында экологиялық қауіпсіздік, антропогендік ластағыштарды талдау және фармацевтикалық экология саласындағы инновациялық шешімдерді іздеу мәселелері қарастырылды.
Пленарлық отырыста профессор Ордабаева С.К. «Өндіріс пен білім берудің интеграциясы: тәжірибе және перспективалар» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада фармацевтикалық индустрия мен білім беру ұйымдарының өзара іс-қимылының заманауи модельдері, «университет - ғылыми зертхана - өндіріс» экожүйесін қалыптастыру кезеңдері, практикалық модульдер арқылы кадр даярлау тиімділігін арттыру, сондай-ақ өндірістік және білім беру үдерістерін оңтайландырудағы цифрлық технологиялардың әлеуеті көрсетілді. Баяндаманың мазмұны фармацевтикалық саладағы жаһандық өзгерістер мен сапаға қойылатын талаптардың артуы жағдайында ерекше қызығушылық тудырды.
 

Секциялық отырыста  қауымд. профессор Серікбаева А.Д. «Сүттегі дәрілік заттардың қалдық мөлшерін ЖЭСХ/МС әдісімен анықтаудың аналитикалық тәсілдері» тақырыбында баяндама жасады. Онда дәрілік заттардың қалдық концентрацияларын анықтаудың жаңа әдістері, әдістеменің валидациялық параметрлері және халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жануарлардан алынатын азық-түліктегі қалдық заттарды мониторингілеудің маңызы жан-жақты қарастырылды.


Конференция барысында кафедраның жас ғалымдары - PhD докторант Мұсабеков Ж.Т., аға оқытушы Бидайбек Р.Н., «Фармацевтикалық экология» қос дипломды білім беру бағдарламасының магистранты Матаева Г.З., сонымен қатар “Scientist” ғылыми үйірмесінің студенттері Нұрғалиқызы Анель, Шымкентбай Аяжан және Балғынбаева Аяжан – өздерінің қолданбалы ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін ұсынды. Баяндамалар фармацевтикалық ғылымның өзекті бағыттарын - дәрілік өсімдік шикізатын стандарттау, жаңа биологиялық белсенді қосылыстарды зерттеу, ксенобиотиктердің химия-токсикологиялық талдауы, фармацевтикалық экология және тұрақты даму мәселелерін қамтыды.


ОҚМА өкілдерінің Сеченов Университетіндегі білім беру және ғылыми іс-шараларға қатысуы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, ғылыми коллаборацияны дамытуға және оқытушылар мен студенттердің кәсіби құзыреттерін кеңейтуге елеулі үлес қосты. Өткізілген іс-шаралар бірлескен ғылыми зерттеулердің жаңа модельдерін қалыптастыруға, білім беру бағдарламаларының дамуының перспективалық бағыттарын анықтауға, кафедралар арасындағы академиялық байланысты күшейтуге және бірлескен ғылыми жарияланымдар мен жобаларды әзірлеуге мүмкіндік берді.

 

Пікірлер орны (0)